Accessibility links

Азаттық тілшілеріне белгісіз біреулер шабуыл жасады


Азаттық тілшілеріне тағы да шабуыл жасалды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:26 0:00

Азаттық журналистеріне белігісіз адамдар шабуыл жасады. Алматы, 22 шілде 2019 жыл.

Бүгін, 22 шілдеде Азаттық тілшісі Нұргүл Тапаева мен оператор Тоқмолда Құсайыновқа белгісіз біреулер шабуыл жасады. Азаттық тілшілері таңертеңгі сағат 11-де Алматыдағы адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросындағы баспасөз жиынына барған. Ғимараттың төртінші қабатына көтеріліп бара жатқан журналистерге тарпа бас салған бес әйел оларға қол жұмсап, кәсіби техникасын сындырды.

Азаттық тілшілері бүгін адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросындағы "Мемлекет аналар және балалармен күресіп отыр" деген тақырыпта өтуі тиіс баспасөз жиынына барған болатын. Жиынды ұйымдастырушылар елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысына (Қазақстан билігі сынаушы, қазір шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған) қатысы бар деген күдікпен тұтқындалған алматылық көп балалы ана Оксана Шевчук пен жалғызбасты аналар Гүлзипа Жәукерова мен Жазира Демеуованың үстінен қозғалған істердің мән-жайын айтпақшы болған еді.

"Жиын басталмас бұрын жиырмаға жуық әйел келді. Олар шу шығарып, баспасөз жиынына келген журналистердің камерасын, ұялы телефондарын тартып алуға әрекет қылды. Жиынға келген өзге де адамдарға шабуыл жасады" деді бюро өкілі Сергей Дуванов.

Оқиға болған жерге полиция келіп жеткенде шабуыл жасағандар ғимараттан шығып кеткен еді, полицейлер олардың тек біреуін ғана ұстады. Азаттық журналистері шабуыл жасағандардың видеокамераны сындырғаны туралы арыз жазды.

Азаттық тілшілерінің кәсіби қызметіне кедергі келтіру оқиғалары бұған дейін де бірнеше рет болған. 6 шілдеде Нұр-Сұлтанда белгісіз біреу Азаттық тілшілері Өркен Жоямерген мен Ержан Әмірхановқа көзден жас ағызатын газ шашқан. Журналистер биыл наурызда Қазақстан президенті қызметінен кеткенімен, билікте ықпалын сақтап қалған Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен сәйкес келетін Астана күні наразылық білдіріп көшеге шыққан ​азаматтарды полицияның ұстағаны туралы хабар дайындап жүргенде шабуылға тап болған еді.

Оқиға болған жерде жүрген полиция өкілдері Азаттық журналистерінің кәсіби жұмысына бет-жүзін жасырып, қолшатыр ұстаған белгісіз адамдардың кедергі келтіргені туралы айтқан арыз-өтініштерін елеусіз қалдырған. Азаттық полицияның бұл қылығына шағым айтып, 16 шілдеде бас прокуратураға арыз жазды. Әзірге оған жауап келген жоқ.

"Азат Еуропа/Азаттық радиосы" медиакорпорациясы Қазақстандағы журналистеріне жасалған кедергіні сынаған. Медиакорпорация оны "тәуелсіз журналистерге қысым және саяси оқиғалардан хабар таратуға тырысқан ақпарат құралдарын бақылауда ұстау әрекеті" деп бағалаған.​


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG