Accessibility links

Сот шешіміне наразы атыраулық ана Жоғарғы сотқа келді


Атырау тұрғыны Венера Байсейітова Жоғарғы сот ғимаратында тұр. Нұр-Сұлтан, 22 шілде 2019 жыл.

Атыраулық көп балалы ана Венера Байсейітова 22 шілдеде Нұр-Сұлтанға, Жоғарғы сотқа келіп, сот шешіміне наразылық білдірді.

38 жастағы Венера Байсейітова үш баласын Атырауда қалдырып, өзі бір жарым жастағы баласымен 21 шілдеде Нұр-Сұлтанға ұшып келген.

Көп балалы ананың айтуынша, оның күйеуі ортақ баспананы айтпай бұрынғы некеден туған баласына сыйға тартқан. Ол Атырау облысы Мақат аудандық соты мен облыстық соттың апелляциялық алқасы күйеуінің баспананы сыйға тартуын заңды деп шешім шығарғанын айтады.

Наразы әйел «баспанада өзі мен төрт баласының да үлесі барын» айтып, сот шешімімен келіспейді. Байсейітова Жоғарғы соттан осы істі қайта қарауды талап етіп, арыз тапсырмақ болды. Ал Жоғарғы сот баж салығы төленбегендіктен алдын ала жазылған арызды қабылдамай, кері қайтарды.

Жоғарғы сот қызметкері Азаттыққа Байсейітова шағымын талапқа сай қайта тапсырса, бір ай ішінде қаралатынын айтты.

Қазақстанда соңғы айларда сот шешімімен келіспейтіндердің наразылығы көбейді. Бұған дейін 4 маусымда Нұр-Сұлтанда "Нұр Отан" партиясының орталық ғимаратына Алматы, Ақтау, Көкшетау, Петропавл мен Павлодар қаласынан келген адамдар жиналып, сот шешіміне наразылық білдірген.

Партия өкілдері сот шешіміне наразылардың шағымын қарау үшін арнайы комиссия құрылатынын айтып, шығарып салған.

Кейін «Нұр Отаннан» жауап болмаған соң сот жұмысына наразылар президент әкімшілігіне барып, елдің президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді талап еткен. Бірақ оларға Тоқаев шықпаған. Осыдан соң сот үкімімен келіспейтін топ Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңсесіне барды. Бірақ наразы топ Назарбаевпен де кездесе алмады.

Нұрсұлтан Назарбаев елді отыз жылдай басқарып, биыл наурызда президенттіктен кеткен. Бірақ «Нұр Отан» партиясы мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде қалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG