Accessibility links

Семей соты Мұхтар Жәкішевті мерзімінен бұрын босатпады


Мұхтар Жәкішев.
Мұхтар Жәкішев.

Бүгін, 24 шілдеде Семей қаласының №2 соты "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қарап, қанағаттандырмады.

Сот шешімін оқыған судья Ермек Шымыров сотталушы Мұхтар Жәкішевтің мемлекет алдында 99 миллиард теңгеден астам қарызы бар, мұндай жағдайда сотталушы мерзімінен бұрын босап шыға алмайды деді. Ол Жәкішевтің бұған дейін жеті "ынталандыруға" ие болғанын, бірақ бұған сотталушы тұрақты түрде қол жеткізбегенін айтты. Ол Жәкішевтің денсаулығы нашарлап, мүгедектік алғанға дейін мемлекет алдында қарызын өтеуге тырыспағанын атап өтті. Қорғау тарабының сот шешімін 15 күн ішінде апелляцияға бере алатынын айтты.

Сотқа жиналған азаматтар сот үкімі оқылған соң "Масқара!" деп айқайлады. Олар сот шешімін әділетсіз деп бағалап, судьяға сұрақтар жаудырды.

Былтыр 28 қарашада бірінші рет түсірген арызын Семейдің №2 соты қанағаттандырмаған еді. Соттың хабарлауынша, бұған сотталушының "шығынды өтемеуі себеп болған". Сот өкілі сол күні Азаттыққа Жәкішевтің шығынды кімге және қанша көлемде өтеуі керектігі жайлы ақпараттың "құпия" екенін жеткізген. Дегенмен бір күннен кейін Семейдегі №2 соттың судьясы Нұрлан Нұралинов жергілікті ақпарат агенттіктеріне берген сұхбатында "Мұхтар Жәкішев келтірген шығын көлемі 99,6 миллиард теңге" екені, "осы күнге дейін ол бір тиын да төлемегенін" айтқан.

Ал Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев түрмеде үшінші топ мүгедектігі тағайындалған тұтқынның жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ екенін, сот шешімі Жоғарғы сот қаулысына қайшы деп айтқан.

55 жастағы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталып, "сыбайлас жемқорлық жасады" деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.

Бұған дейін Мұхтар Жәкішев хәл үстінде жатқан анасы – Раиса Жәкішевамен кездесуге, кейін анасы қайтыс болғанда жерлеуге жіберуге өтініш жасаған. Бірақ түрме басшылығы екеуінде де оған рұқсат бермеді. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті мұны Қылмыстық-атқару кодексінің "Мекеменің шегінен тыс жерге шығу" туралы 113-бабының 5-тармағымен түсіндірген. Бұл тармақта "қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыстармен сотталғандарға түрмеден тыс жерге шығуға рұқсат берілмейді" деп жазылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG