Accessibility links

Шымкентте мүгедектер биліктен баспана мәселесін шешуді талап етті


Баспана мәселесін шешуді талап еткен мүмкіндігі шектеулі азаматтар Шымкент қаласы әкімдігі алдында тұр. 24 шілде 2019 жыл.
Баспана мәселесін шешуді талап еткен мүмкіндігі шектеулі азаматтар Шымкент қаласы әкімдігі алдында тұр. 24 шілде 2019 жыл.

Бүгін, 24 шілдеде Шымкент қалалық әкімдігі алдында мүмкіндігі шектеулі бірнеше тұрғын баспана мәселесін шешуді талап етіп акция өткізді. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Бірінші және екінші топтағы мүгедек азаматтар "Билік мүгедектер мәселесіне келгенде керең және соқыр болып қалады!", "Аяушылық емес, мүмкіндік керек", "Біз лайықты өмір сүруді қалаймыз" деген жазулар мен үйдің суреті салынған плакат ұстап тұрды.

Олармен әуелі он шақты полиция қызметкері сөйлесті. Шамамен бір жарым сағаттан кейін наразы тұрғындарға қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова шықты.

Екінші топтағы мүгедек Балзия Таш 2008 жылы үй кезегіне тұрғанын, кейін уақытша тұрақты тіркеуден шығып қалған соң пәтер кезегінен алып тастағанын айтады.

"Қаншама үй салынып жатыр? Қайта кезекке тұрдым. Енді қашан үй аламыз?" деді ол.

Бірінші топ мүгедегі Александра Степанова әкімдік берген ескі үйдің төртінші қабатынан түсіп шығу қиын екенін айтады.

"Тұл жетіммін. Көмектесетін адамым жоқ. Лифт жоқ. Мүгедек арбасымен, кейде балдақпен жүремін. Әкімдік берген пәтерін алмастырып берсе екен" деді Степанова.

Бірінші топтағы мүгедек Вероника Попова бес жылдан бері үй кезегінде тұрғанын, туыс әпкесінің үйін паналап жүргенін жеткізді.

Гүлжан Құрманбекова наразыларға қазір әкімдік 2010 жылы үй кезегіне тұрғандарға баспана беріп жатқанын айтты.

"Қалада 38 мың адам үй кезегінде тұр. Барлығының өтініші заң негізінде қаралады" деді шенеунік. Ол наразы азаматтардың өтінішін келесі аптада арнайы құрылған комиссия қарайды деп хабарлады.

Қала әкімі орынбасарының уәдесін алған соң жиналғандар тарады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG