Accessibility links

ІІМ: Биыл тоғыз мыңнан астам адам Қазақстан азаматтығын алды


Көрнекі сурет.

Биылғы жылдың алғашқы жартысында 9379 адам Қазақстан азаматтығын алған. Олардың 7540-і - этникалық қазақ. Бұл туралы Азаттықтың сауалына берген ресми жауабында ішкі істер министрлігі хабарлады. Бұған қоса Қытайдан келген 724 қазақ Қазақстанда тұрақты тұруға (ықтиярхат – ред.) рұқсат алған.

"2018 жылы барлығы 28800 адам Қазақстан азаматтығын қабылдаған. Олардың 1194-і президент жарлығымен, 27606 адам жеңілдетілген тәртіппен азаматтық алған. Осылардың 24874-і – этникалық қазақтар"делінген хабарламада.

Қазақстанда тұрып жатқан, бірақ азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан президентінің жарлығымен Қазақстан азаматтығы беріледі. Ал шетелден көшіп келген этникалық қазақтар Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен ала алады.

ІІМ хабарлауынша, биылғы жылы "Көші-қон туралы"заңның 49 бабына сәйкес, Қазақстанда тұрақты тұруға ықтиярхат алған, бірақ шетелде 183 күннен артық тұрған 694 этникалық қазақтың тұрақты тұру рұқсаты жойылған. Министрлік Қазақстан азаматтығын алғандардың нақты қай елден екенін ашып көрсетпеген.

Бұған дейін жергілікті ақпарат құралдары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне сілтеме жасап, 2019 жылдың алғашқы жартысында 7000-ға жуық этникалық қазақтың Қазақстанға қоныс аударғанын хабарлаған болатын. Соның ішінде Өзбекстаннан - 3800, Қытайдан 1553 адам көшіп келген. Мұнан басқа Түрікменстаннан 532, Моңғолиядан - 402, Ресейден - 145, Ираннан - 62, Қырғыз Республикасынан - 46, Тәжікстаннан - 11, Түркиядан - 3 этникалық қазақ тарихи отанына оралған.


  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG