Accessibility links

Түркімен президенті Бердімұхамедовтің Мирзияевті туған күнімен құттықтағаны хабарланды


Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев Ташкентте. 23 сәуір 2019 жыл.
Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов пен Өзбекстан басшысы Шавкат Мирзияев Ташкентте. 23 сәуір 2019 жыл.

Өзбекстан президенті баспасөз қызметі 24 шілдеде Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов өзбек басшысы Шавкат Мирзияевке қоңырау шалып, туған күнімен құттықтағанын хабарлады.

Бұл – Бердімұхамедовтің «өлімі» туралы ресейлік басылымдар мен желіде тараған сыбыстан кейінгі алғашқы ресми хабарлама.

Құқық қорғау ұйымдары Түркіменстанды «әлемдегі ең жабық ел» деп сипаттап, елдегі әр істі Бердімұхамедов пен оның маңындағылар бақылап отырғанын айтады.

Тәуелсіз журналистер «Арқадағтың» (жарылқаушы, Бердімұхамедовтің атағы – ред.) «өлімі» жайлы сыбыстың шын-өтірігін анықтай алмай отыр.

Ал Бердімұхамедовтің өзі 5 шілдеден бері көрінбей кетті. 6 шілдеде Ашғабатқа Еуропа одағының сыртқы істер және қауіпсіздік саясат бойынша жоғарғы өкілі Федерика Могерини барғанда да, Бердімұхамедов төбе көрсетпеді.

Түркіменстан мемлекеттік ақпарат агенттіктері әр күн сайын Бердімұхамедовтің жұмысы жайлы бірнеше ақпарат тарататын. Қазір ондай жаңалықтардың да саны азайған.

Бірақ шетелдегі Түркіменстан елшіліктері Бердімұхамедовтің «өлімі» жайлы ақпараттарды «өтірік» деп жоққа шығарды. Дегенмен ресми Ашғабат немесе билікшіл басылымдар «Бердімұхамедовтің өлімі жайлы сыбысқа» қатысты қандай да бір мәлімдеме жасаған жоқ.

Тек 21 шілдеде елдегі мемлекет бақылауындағы ақпарат агенттіктері Бердімұхамедовтің демалыста кітап жазғанын хабарлады. Кейбір сайттар президенттің Түркіменстан дәрігерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтағанын мәлімдеді.

Оқи отырыңыз: Автократ басшының көзден таса болуы қауесетті өршітеді

Ал бүгін, 24 шілдеде түркімен сайттары да Бердімұхамедовтің Мирзияевті туған күнімен құттықтаған телефон қоңырауы жайлы ақпаратты таратты.

29 маусымда Бердімұхамедовтің 62 жасқа толған туған күнінде елдегі имамдар жаппай уағыздарда Арқадағтың денсаулығы үшін дұға еткен. Мұндай бұрын ел аумағында болмаған еді. Ал 24 шілдеде Ашғабатта жұмысшылар қаланы тазалай бастағаны хабарланды. Әдетте Ашғабатта мұндай тазалық ірі қоғамдық шаралардың, халықаралық конференциялардың және мемлекеттік жерлеу рәсімдерінің алдында болады.

Бұдан бөлек, Түркіменстан ішіндегі ұшақтардың да саны күрт азайғаны да сыбысты күшейтті. Ұшақтардың бағытын қадағалайтын FlightRadar24.com сайтында 24 шілдеде Түркіменстан аумағында Turkmenistan Airlines әуе компаниясының бірнеше ұшағы ғана ұшып жүргені байқалады.

Дегенмен «Түркіменстан Өзбекстан және Қазақстанмен шекарасын жапты» деген ақпарат расталмады. Түркіменстан Қазақстанмен шекарасын 2018 жылы «жөндеу жұмыстары үшін» жапқан. Содан бері екі ел арасындағы шекара ашылған жоқ.

Бұған қоса, ресми Ашғабат шілденің басында Өзбекстанмен шекара 10 шілде мен 15 тамыз аралығында жабық болатынын хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG