Ақтөбеде "қарақшылық" қылмысына айыпты деп танылып, сотталған Ерген Айталиев пен Елдар Боранқұлов тергеу абақтысында 15 күннен бері аштық жариялап жатыр. Бұл туралы 25 шілдеде Азаттыққа сотталған азаматтардың адвокаты Бауыржан Ерманов хабарлады.
- Ерген Айталиев пен Елдар Боранқұлов өздеріне "Қарақшылық" бабы бойынша айып таққан тергеу қорытындысымен келіскен сот үкіміне наразы. Біз апелляциялық шағым түсірдік, - деді Бауыржан Ерманов Азаттыққа.
Ақтөбе қалалық №2 сотының 20 маусымда шығарған үкіміне сәйкес, қарақшылық қылмысына айыпты деп танылған Елдар Боранқұлов - жеті жылға, Ерген Айталиев алты жылға бас бостандығынан айырылған. Боранқұлов "ұрлық жасауға оқталу" бабы бойынша да айыпты деп танылған. Үкім әлі заңды күшіне енбеген.
Тергеу қорытындысында 2019 жылы қаңтарда жабық тұрған дүкенге терезеден түскен Боранқұловты күзет қызметкерлері ұстап алғаны жазылған. Кейін оны ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатқан. Бірақ бірнеше күннен кейін Боранқұлов пен Айталиев "өзге адамның екі қойын алып кеткен" деген күдікпен ұсталған.
Адвокат Ермановтың сөзінше, Айталиев пен Боранқұлов шаруа қожалығынан екі қойды әкеткендерін сотта мойындаған. "Бірақ олардың қолында іс материалдарында көрсетілгендей пышақ я балтаның сабы болмаған" дейді адвокат.
Сот үкімі шыққан екі азаматтың Ақтөбедегі КА-168/1 мекемесінде (тергеу абақтысы) аштық жариялап жатқаны туралы ақпаратты Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі растады.
- Тамақтан ішуден бас тартқаны рас, бірақ су ішіп жатыр. Қазір екеуінің де денсаулығы бірқалыпты, өміріне қауіп жоқ. Олардың денсаулығын қылмыстық атқару комитеті, қамау мекемесі әкімшілігі және медицина қызметкерлері бақылап отыр, - деп хабарлады баспасөз қызметі Азаттыққа.
Қылмыстық атқару жүйесі мекемесі тұтқындардың қай кезден бері аштық жариялап жатқанын нақтыламады.
ПІКІРЛЕР