Accessibility links

Құқық қорғаушы Жәкішевке шыққан сот шешімін айыптап, жалғыз адамдық пикет өткізді


Жалғыз адамдық пикет өткізіп тұрған құқық қорғаушы, журналист Сергей Дуванов. Алматы, 25 шілде 2019 жыл.

Бейсенбі, 25 шілдеде Алматыдағы Тәуелсіздік алаңында кешкі сағат 17.00 шамасында құқық қорғаушы, журналист Сергей Дуванов "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке шыққан сот шешімін айыптап, жалғыз адамдық пикет өткізді. 24 шілдеде Семей соты Мұхтар Жәкішевтің "мемлекетке 99 миллиард теңгеден астам қарызы барын" айтып, оны ерте босату туралы өтінішін қанағаттандырмаған еді.

Шамамен 15 минутқа созылған наразылық шарасы кезінде "Жәкішевке бостандық!" деген жазуы бар плакат ұстаған Дуванов Семей сотының шешімін әділетсіз деп бағалады.

- Бұл менің жеке наразылық акциям, ар-ұятымды жуып-шаю. Биліктің тірлігіне қатысым болғанын қаламаймын. Егер билік болсам, елдің атом өнеркәсібін дамытқан адамды түрмеге отырғызбас едім, керісінше марапаттап, ескерткіш тұрғызар едім. Менің бар айтқым келгені мына плакатта жазылып тұр, - деді Сергей Дуванов.

Ол осы сияқты "бейбіт митингілерден неге халық қорқады, неге мәселені тығылып жүріп, ас үйде ғана талқылайды? Біз бұдан ұялуымыз керек. Пікірімізді ашық айтуға біздің құқығымыз бар" деді.

Азаттық оқиға орнынан тікелей эфирде хабар таратты:

Ол дәл осының алдында Facebook-тағы парақшасында акциясының мәнін түсіндіріп, төмендегідей жазба қалдырған еді.

"Кінәсі сотта дәлелденбеген, денсаулығы қатты нашарлаған, түрмеде 10 жыл отырған адамды көз алдымда мүгедекке айналдырып, түрмеде шірітті. Мен ондай орындарда болғам, ұрылар мен алаяқтардың және адал азаматтардың өздерін қалай ұстайтынын білемін. Жәкішев жауапкершілігі бар адам. Ұры болса, баяғыда-ақ кінәсін мойындайтын еді. Бірақ ар-намысы таза адам мұндайға бара алмайды. Билік әділ, гуманды болса, оны баяғыда-ақ босатар еді. Мұнда қандай да бір кектің бары анық. Бірақ бұл басқа әңгіме. Қысқасы, ар-намысымды жуып-шаюға барам. Мұндай жағдайда үнсіз қалу - келісумен пара-пар" деп жазды.

Жалғыз адамдық пикет кезінде бірнеше полиция қызметкері бақылап тұрды. Дуванов Қазақстан заңы бойынша полицияның жалғыз адамдық пикетке шыққандарды ұстай алмайтынын да атап өтті.

Шілденің 24-і күні Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек Шымыров "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмады. Жәкішевтің мемлекет алдында 99 миллиард теңгеден астам қарызы бар екенін айтқан судья сол себепті соттың ерте босату туралы өтінішін қанағаттандыра алмайтынын жеткізді.

Сотта қорғау тарабы екі қылмыстық іс бойынша Жәкішевтің мемлекетке қарызын туыстары өтегенін, "қарызды өтемеу" мерзімінен босап шығуға кедергі бола алмайтынын айтқан еді. Адвокат Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, прокурор айтқан "қарызды" (99 миллиард теңгеден астам) сотталушы және қорғау тарабы сот үкімі күшіне енгеннен кейін бірнеше жыл өткен соң бір-ақ білген. Осыдан соң Жәкішев мемлекеттен мүгедектігі үшін алатын жәрдемақысын соны өтеу үшін берген.

Оқи отырыңыз: Дерті асқынған Мұхтар Жәкішевті қамаудан босатпады

55 жастағы Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң "сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады" деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG