Accessibility links

Нұр-сұлтандық белсенді «интернет еркіндігін» талап етіп, бір адамдық пикет өткізді


"Еркін интернет - еркін Қазақстан" деген жазуы бар плакат ұстаған азаматтық белсенді Анна Шүкеева. Нұр-Сұлтан, 26 шілде 2019 жыл.

Жұма, 26 шілдеде Нұр-Сұлтанда азаматтық белсенді Анна Шүкеева бір адамдық пикетке шығып, биліктің қолданушыларды қауіпсіздік сертификатымен қамтамасыз ету туралы даулы жоспарына қарсы шықты. Бөгенбай мен Жеңіс көшелері қиылысында "Еркін интернет - еркін Қазақстан" деген жазуы бар плакат ұстаған Шүкеева "қауіпсіздік сертификаты" туралы соңғы кезде шыққан жаңалықтарға алаңдап отырғанын жеткізді.

Шілде айының басында Шүкееваның үйінде полиция тінту жүргізіп, оны Telegram-чатта "рұқсат етілмеген митингіге шақырды" деп айыптап, кейіннен шамамен 88 мың теңге (шамамен 230 доллар) көлемінде айыппұл салған. Белсенді өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы мен оның чатына еш қатысы жоқ екенін айтады. Ол "Instagram-да жазған жазбаларым үшін қудаланып отырмын" деп санайды.

"Мен өзімді тек интернеттің арқасында өзімді қорғап қалдым, болған жайтты әлеуметтік желіде жаздым" деді ол.

Ол осы акция болатыны жайлы тек бір сағат бұрын ғана әлеуметтік желіде жазған еді. Акцияны шамамен ондаған журналист бақылап, кейбір белсенді тікелей эфирден хабар таратты.

Шамамен он минут өткен соң Шүкеева Жеңіс даңғылы бойындағы тротуармен жүріп, "интернетке бостандық" деп айқайлады. Кейінірек прокуратура және әкімдік өкілдері келіп, одан акцияны тоқтатуды талап етті. Бейбіт жиын өткізу туралы ережені түсіндірді.

Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің өкілі Ерлан Өтеулиев және Сарыарқа аудандық прокуратурасының өкілі Әсет Дошаев (телефон ұстап тұр) Анна Шүкеевамен сөйлесіп тұр. 26 шілде 2019 жыл.
Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің өкілі Ерлан Өтеулиев және Сарыарқа аудандық прокуратурасының өкілі Әсет Дошаев (телефон ұстап тұр) Анна Шүкеевамен сөйлесіп тұр. 26 шілде 2019 жыл.

Прокуратура мен әкімдік өкілдері кеткеннен кейін белсенді плакатын жинап, кетіп қалды.

Сарапшылардың пікірінше, қауіпсіздік сертификаты қолданушылардың интернетке кіру мүмкіндігін шектеп, олардың жеке деректеріне қол жеткізуді, бақылауды оңайлатады.

Ал байланыс операторларының айтуынша, қауіпсіздік сертификаты орнатылмаған кез келген планшет не смартфонның жекелеген интернет-ресурстарына кіру мүмкіндігі шектелуі мүмкін. Қазақстан билігі қауіпсіздік сертификатын орнату қолданушылардың ақпараттық қауіпсіздігі үшін қажет екенін айтады. Астаналық қолданушылар өткен аптадан бері көп сайттар мен желілерге кіре алмай жүргенін айтып келеді.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG