Accessibility links

Нұр-Сұлтанда Серікжан Біләштің ісі бойынша алдын ала сот басталды


Серікжан Біләш (ортада) судьяның сұрақтарына жауап беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 29 шілде 2019 жыл.
Серікжан Біләш (ортада) судьяның сұрақтарына жауап беріп тұр. Нұр-Сұлтан, 29 шілде 2019 жыл.

Шілденің 29-ы күні Нұр-Сұлтан қаласындағы №2 Алматы аудандық сотында тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" қоғамдық ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің (құжат бойынша - Бияш) ісі бойынша алдын ала сот отырысы басталды. Қытайдың Шыңжаң аймағындағы этникалық азшылықтың қысымға ұшырағаны туралы мәселе көтерген белсендіге "алауыздық қоздырды" деген айып тағылған.

Дүйсенбі күні сот ғимаратына Серікжан Біләшті қолдауға көп адам жиналды. Олар сот өтіп жатқан залға симай, дәлізде тұруға мәжбүр болды. Серікжан Біләшті қорғауға адвокат Айман Омарова қатысып отыр.

Тергеу орындары Серікжан Біләшқа Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабы бойынша (174-баптың 1-бөлігі) айып таққан. Бұл бап бойынша екi жылдан жеті жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеу не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Биыл наурыз айында Алматыдағы қонақ үйлердің бірінен қамауға алынып, Нұр-Сұлтанға жеткізілген Біләш бастапқыда тергеу изоляторында болды, кейіннен үйқамаққа ауыстырылды. Сот Біләштің өзін қолхатпен босатуды немесе үйқамақты тұрғылықты жері - Алматы қаласына ауыстыруды сұраған өтінішін қанағаттандырмады.

Қамау мерзімін ұзартуға байланысты өткен соттардың бірінде ол Алматыдан астанаға алып келгеннен кейін өзіне қысым көрсетілгенін, “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысының жетекшісі, қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовке қарсы шығып, адвокат Айман Омарованың қызметінен бас тартқызуға мәжбүрлегенін айтқан еді. Біләш тергеу органдарына "ыңғайлы" жауапты беруге мәжбүр болғанын айтып, істің "саяси астары бар" деп мәлімдеген.

Бұған дейін елдің бірқатар қалаларында Серікжан Біләшті қолдаушылар оны босатуды талап етіп акциялар өткізген.

Біләш жетешілік ететін "Атажұрт еріктілері" ұйымы Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі этникалық қазақтар мен өзге де аз ұлттарға қысым жасалып жатқаны туралы мәлімдеп, бұл мәселеге Қазақстан мен халықаралық қауымдастықтың назарын аударған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG