Accessibility links

Нұр-Сұлтанда ондаған әйел атаулы әлеуметтік көмекке қатысты шағым айтты


Әлеуметтік көмекке қатысты наразылық білдіріп келген аналар. Нұр-Сұлтан, 29 шілде, 2019 жыл.

Бүгін, 29 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жиналған ондаған әйел атаулы әлеуметтік көмек ақшасына есеп талап еткен әкімдікке наразылығын білдірді. Министрлік өкілдері жиналғандарды Есіл аудандық әкімдігіне баруға көндірді. Ол жерде наразылармен министр орынбасары Светлана Жақыпова және әкімдік қызметкерлері кездесті.

"Өткен аптада атаулы әлеуметтік көмек алушы бізге "Жұмыспен қамту орталығымен" арада жасалған "Әлеуметтік келісім шарт" беріп, соған қой қойыңдар деді. Онда ақшалай көмектің қалай жұмсалғаны туралы есеп беру және қаржы мақсатсыз жұмсалса қайтарып беру міндеттелген. Біз мұнымен келіспейміз" деді наразылар.

Олар мемлекет берген қаржыға бірден іс ашып я жақсы жұмыс тауып алу қиын болғандықтан көмек ақша "мақсатсыз жұмсала қайтарылуы тиіс" деген бапты алып тастауды сұрайды.

Светлана Жақыпова бұл ақшаның отбасы жағдайының жақсаруы үшін берілетінін, сондықтан ол берілген қаржының есебі болуы тиіс екенін айтты.

"Егер іс бастаймын деп тігін машинасын алдыңыз ба, оған қанша қаражат жұмсадыңыз, шаштараз ашсаңыз оған кресло, тағы басқа жабдық алынғаны жайлы есеп бересіздер, себебі заң бойынша солай қарастырылған" деді Светлана Жақыпова.

Қазақстанда биылдан бастап әлеуметтік жағдайы төмен көп балалы отбасыларына берілетін атаулы әлеуметтік көмектің екі түрі бар. Біріншісі - шартсыз, екіншісі шартты ақшалай көмек. Шартсыз ақшалай көмек отбасы мүшелері түрлі себептермен еңбекке жарамсыз, аз қамтылған шаңыраққа беріледі. Ал егер отбасы мүшелері еңбекке жарамды болса, ондай аз қамтылған отбасылары шартты көмек ала алады.

Шартты ақшалай көмек алғандар ол қаржыны жұмысқа тұру, жұмыс табу үшін білім алу және өз ісін ашуға жұмсауы тиіс. Бұл көмек отбасының жағдайына байланысты бір рет немесе ай сайын беріледі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG