Accessibility links

Бұрынғы шахтерлар Тоқаевқа ашық хат жазды


Шахтерларға қойылған ескерткіш. Қарағанды қаласы, 29 шілде 2019 жыл.
Шахтерларға қойылған ескерткіш. Қарағанды қаласы, 29 шілде 2019 жыл.

Өндіріс кезіндегі жарақаттан соң мүгедектік алған Қарағанды облысында тұратын бұрынғы шахтерлар бүгін, 29 шілде күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жолдады. Олар қауіпті, зиян әрі ауыр жұмыс кезінде еңбекке жарамсыз болып қалған адамдар ретінде "әбден торыққандарын" айтады.

Хат авторлары сақтандыру туралы заңнама мен азаматтық кодекске 2015 жылы енгізілген өзгерістерді сынға алады. Қазақстан билігі төрт жыл бұрынғы өзгерістен соң өтемақыны нақты бір сомада емес, сол кезеңдегі инфляция шамасына қарай есептеп төлей бастаған.

Олардың сөзінше, бұл өзгерістер өндіріс кезінде жарақат алғандардың жағдайын қиындатып жіберген. "Бұл "Мүгедектер құқығы" туралы БҰҰ-ның конвенциясы мен Конституцияға қайшы. Сотқа шағынсақ та оң шешімге қол жеткізе алмаймыз" деп жазады бұрынғы шахтерлар.

- 2015 жылғы өзгерістер енгізілге дейін еңбек қабілетін айырылған шахтерларға өтемақы беру кезінде бұл өзгерістерді қолдануға болмайтын құқықтық норма бар. Бірақ Қарағанды соттары мұны ескермейді. Бұл мәселе өзге қиындықтармен қатар түрлі деңгейдегі талқы кезінде айтылып келеді. Бірақ шешімін әлі таппады, - дейді бастамашыл топтың жетекшісі, қызмет кезінде жарақаттан соң мүгедектік алған Иван Штрек.

Өндірістегі жарақаттан соң мүгедек атанғандардың бұл тобы түрлі инстанцияға, оның ішінде Нұр-Сұлтанға бұрын да бірнеше рет хат жазған. Бұрынғы шахтерлар өздерін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобына қосуды сұраған. "Бірақ сұранысымыз ескерусіз келеді" дейді шахтерлар.

Қазір Қарағанды облысында жарақат алған соң мүгедектік алған 2500-ге жуық азамат бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG