Қазақстанның бұрынғы президентінің интернет-ресурсы 29 шілдеде Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескені жайлы ақпарат жариялады. Elbasy.kz сайтында кездесу барысында "елдегі қоғамдық-саяси ахуал және азаматтық қоғам институттарын дамыту мәселесі мен алдағы кезеңнің жұмыс жоспары талқыланғаны" жазылған. Өзге мәлімет жоқ.
Осыған ұқсас ақпаратты ресми БАҚ - мемлекеттік "Казахстанская правда" газеті мен "Қазақпарат" агенттігі де таратты.
Дүйсенбіде 24.kz телеранасының кешкі жаңалығында Назарбаев пен Тоқаевтың кездесуі жайлы 18 секундтық ақпарат шықты. Жүргізуші elbasy.kz сайтындағы екі сөйлемді оқып, экранда Назарбаев пен Тоқаевтың отырған видеосы көрсетілді. Бұдан соң 24.kz телеарнасы бұрынғы президенттің өзі жетекшілік ететін "Нұр Отан" саяси партиясы басшысының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекпен кездескенін көрсетіп, Назарбаевтың сөзінен үзінді берді.
Ал Қазақстан президентінің ресми сайты (akorda.kz) Назарбаев пен Тоқаевтың кездескені жайлы ештеңе жазбады. Тоқаевтың Twitter-парақшасында да мұндай ақпарат жоқ. Президент әдетте кездесулері мен берілген тапсырмалар жайлы ақпаратты сонда жариялайтын.
Азаттық мұның себебін білмек болып президенттің баспасөз қызметіне телефон шалғанымен, тұтқаны ешкім көтермеді.
Қазақстанды соңғы отыз жылға жуық үздіксіз басқарған Нұрсұлтан Назарбаев биыл наурыз айында президенттіктен кеткен соң орнына сол кезге дейін парламент сенатын басқарып келген Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған. Тоқаев президент ретінде ант берген 20 наурызда Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева парламент сенатының спикері болып сайланған. 79 жастағы Назарбаев президенттіктен кеткенімен, билікке ықпал ету тетіктері оның қолында қалды. Назарбаев биліктегі "Нұр Отан" партиясын басқарады әрі Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып отыр.
Сәуірде Тоқаев елде 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өтетінін жариялады. Ресми мәлімет бойынша, осы сайлауда 70 пайыздан артық дауыс жиған Тоқаев жеңіске жетті. Батыс бақылаушылары сайлауда дауыстың әділ саналғанына кепілдік бермейтін заң бұзу оқиғалары көп болғанын, сонымен бірге үкіметке наразы азаматтар жаппай ұсталғанын айтып, сайлауды сынаған.
ПІКІРЛЕР