Сейсенбі, 30 шілдеде Нью-Йорк соты Дональд Трамптың сайлауалды штабына байланысты демократтар түсірген шағымды кері қайтарды. Демократтар 2016 жылы Трамп штабы президент сайлауының қорытындысына ықпал ету мақсатында Кремль және WikiLeaks-пен сөз байласты деп санайды.
Округ судьясы Джон Келтл егемендік иммунитеті деп аталатын құқықтық доктринаға байланысты Ресейге қарсы шағымды қабылдай алмайтынын мәлімдеген. Бұл доктринаға сәйкес, шетел үкіметін АҚШ-та сотқа тартуға болмайды. Судья өзге елдің "қастық әрекетіне" санкция салу арқылы "жауап берілетінін", АҚШ билігі осы тәсілді қолданып отырғанын айтқан.
Сот шешімінде электронды пошталарды бұзу нәтижесінде алынған ақпаратты таратқаны үшін WikiLeaks пен Трамп штабын жауапқа тарту - сөз бостандығына кепілдік беретін АҚШ конституциясына қайшы екені көрсетілген. Ресейлік хакерлер АҚШ-тағы сайлауалды науқан кезінде Демократиялық ұлттық комитеттің компютерлік жүйесін бұзып алған партия мүшелерінің хат-хабарламасын WikiLeaks көпшілікке жария еткен.
Twitter-де пікір білдірген президент Трамп сот шешімі өзіне және сайлау штабына "Кремльмен сөз байласу" туралы тағылған кез келген айыпты жоққа шығарады деп жазды.
ПІКІРЛЕР