Accessibility links

Нидерландыда бет бүркемелейтін киім киюге салынған тыйым күшіне енді


Көрнекі сурет.

Бүгін, 1 тамыздан бастап Нидерландыда қоғамдық орындар мен мемлекеттік мекемелерде әйелдерге бетін бүркемелейтін киім киюге салынған тыйым ресми түрде күшіне енді.

Бұдан былай қоғамдық көлікте, мектепте, ауруханалар мен мемлекеттік мекемелерде паранжа, ниқаб және чадра киюге болмайды.

Нидерландының ішкі істер министрлігі полиция мен муниципалдық биліктен заңның орындалуын бақылауды сұрады. Мәселен, қауіпсіздік қызметкері ниқабтағы әйелді көрсе, олар азаматтан жүзін көрсетіп жүруді сұрауға міндетті. Бет-жүзін көрсетуден бас тартқан әйелге 150 еуро (166 доллар) көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.

Көбіне Түркия, Суринам, Индонезия мен Мароккодан келген мұсылмандар үлесі Нидерланды халқының 5 пайызына жуықтайды. Бірақ ислам дінін ұстанатын әйелдердің паранжа мен ниқабта жүруі сирек. Германиялық DPA агенттігінің мәліметінше, Нидерландыда бетін тұтас бүркеп, мұсылман үлгісінде киінетін 400-ге тарта әйел бар.

Кейбір полицейлер мен медициналық мекемелер бұл заңды орындауды талап етпейтіндерін ашық айтты. Ал Азаттық партиясының жетекшісі Герт Вилдерс видеоүндеу арқылы "Полиция мен дәрігерлер әйелдерден жүзін ашуды талап етпесе, мұны азаматтардың өзі-ақ істей алады" деп мәлімдеді.

Нидерланды парламентінің бірінші палатасы былтыр маусымда қоғамдық орындарда әйелдердің бетін бүркеп алатын киім киюіне тыйым салуды қолдап дауыс берген. Нидерланды парламентінің екінші палатасы мұндай заңды 2016 жылы қабылдаған.

Бұған дейін Дания, Австрия, Бельгия және Францияда, Швейцария мен Испанияның бірнеше ауданында, Канаданың Квебек провинциясында қоғамдық орындарда бет-әлпетті жауып тұратын киім мен бас киім киюге тыйым салынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG