Accessibility links

Пекин "Қытайға баж салығын өсіремін" деген Трампты сөкті


Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хуа Чуньин.
Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хуа Чуньин.

Пекин АҚШ президенті Дональд Трамптың 1 қыркүйектен бастап Қытай тауарларына салынатын баж салығын тағы 10 пайызға өсіреміз деген мәлімдемесіне жауап берді.

Кеше, 1 тамызда президент Трамп Twitter парақшасына "бір айдан соң, қыркүйектен бастап қытайлық тауарларға салынатын баж салығы 10 пайызға, 300 миллиард долларға өседі" деп жазған. Президенттің сөзінше, жаңа төлем ендігі 25 пайыздық салық енгізілген тауарларға қосылмайды. Америкалық делегацияның таяуда Қытайға келіссөз барып келгенін айтқан Трамп "Пекиннің Вашингтон ұсынған сауда келісімін өзгертуге тырысқанына қапалымын" деп жазған.

2 тамызда Трамп мәлімдемесіне жауап берген Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Хуа Чуньин "АҚШ-тың бұл қадамы Осакада жеткен мәмілеге кері әере етеді. Бұл – тура жолдан таю, мәселені шешудің бұрыс амалы. Бұған аса наразымыз, көңіліміз мүлдем толмай отырғанын білдіреміз. АҚШ баж салығын тағы өсірсе, Қытай да халық мүддесі үшін қарсы шаралар қабылдауға мәжбүр болады. Мұның салдарына АҚШ жауапты болады" деді.

Биыл 29 маусымда Қытай басшысы Си Цзиньпин мен АҚШ президенті Дональд Трамп Жапонияның Осака қаласында кездесіп, "сауда соғысын шешу үшін" келіссөзді қайта бастауға уағдаласып, Вашингтон баж салығын енді өсірмеуге келіскен.

1 тамызда өткен баспасөз жиынында Трамп мәлімдемесіне жауап берген Чуньин "Қытай сауда соғысында ешкім жеңбейді деп санайды. Біздің соғысқымыз келмейді. Бірақ ешкімнен қорықпаймыз да. Қытай сырттан келетін қысымға қарап тұрмайды, қоқан-лоққы мен үркітуге төзбейді. Негізгі мәселелерге келгенде айтқанымыздан қайтпаймыз" деді.

АҚШ пен Қытай арасында сауда соғысы былтыр басталған. Әуелі Трамп "әділетсіз сауда жасайды" деп Қытайдан келетін кейбір тауарға баж салығын өсірген. Пекин де Вашингтонға тап солай жауап қатты. Екі ел сауда келісіміне 2019 жылы қол қоюы керек еді. Алайда Трамп "Қытай келісімді бұзды" деп, қытайлық барлық тауарға баж салығын ұлғайтып тастады. Пекин бұл жолы да кейбір америкалық тауарға салықты өсірген.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG