Accessibility links

Алматыдағы акцияға қатысушылар: "Қамаудағы аналар - экстремист емес"


Арбаттағы акция. Алматы, 3 тамыз 2019 жыл. Видеодан алынған скриншот.

3 тамызда кешке Алматыда қала орталығындағы Арбатта бірнеше әйел қамауда отырған аналар Жазира Демеуова, Гүлзипа Жаукерова, Оксана Шевчук және соңғы уақытта қамалған өзге де әйелдерді қолдап, акция өткізді. Қолдарына "Аналарға бостандық!" деген жазуы бар плакат ұстаған әйелдер отбасынан ажыратылған аналардың қамалуына көз жұмып жәй қарай алмайтынын жеткізді.

"Мен өзім де көп балалы анамын. Қамауда отырған аналардың жағдайын түсінемін. Оларды отбасынан айырып, заңсыз қамады. Олар экстремист дегенге кім сенеді? Алда 1 қыркүйек келе жатыр. Балаларды мектепке дайындау керек, қажетті құралдар алу керек. Жарайды, мен өзімнің балаларымды киіндірермін. Керек заттарын алып берермін. Ал олардың балаларына кім қарайды? Осыған алаңдаймын" деді аты-жөнін айтпаған акцияға қатысушылардың бірі.

Шараға қатысқан тағы бір әйел қамаудағы әйелдердің бірінің тоғыз айлық баласы бар екенін, бірінің мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырғанын айтып, оларды отбасынан ажырату адамшылыққа жатпайтынын алға тартты.

Оқиға орнынан белсенді Даная Калиева тікелей эфирде хабар таратты.

Акцияға қатысушылар қамаудағы белсенділерді жеке танымайтынын, олар туралы ақпараттың бәрін интернеттен оқығанын айтты.

Шараны полиция бақылап тұрды. Ары-бері өткен кейбір адамдар назар аударып, шараның мәнісін сұрады. Ондағы әйелдер түсіндіріп жатты.

Шілде айының басында Алматының тергеу соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған Жазира Демеуова, Гүлзипа Жаукерова мен Оксана Шевчукті үйқамақтан абақтыға ауыстырған еді. Сот жас ана Оксана Шевчуктің емізулі он айлық баласының бар екенін де ескермеді. Бұл үш ана - "экстремистік ұйымның ісіне араласу" бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс бойынша күдікті. Тергеу органдарының айтуынша, күдіктілерден тыйым салынған ұйымның үнпарақтары, акция кезінде қолданылатын түтін түтікшелері табылған, олар азаматтарды митингіге шақырған.

Белсенділер өздеріне тағылған айыпты жоққа шығарады. Олар Қазақстанда "экстремистік ұйым" ретінде танылған "Қазақстанның демократиялық таңдау" (қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған - ред.) қозғалысына мүше емес екенін, бірақ ұйым бағдарламасының кейбір пунктері ұнайтынын айтқан. Қамаудағы аналар бұған дейін елдің ірі қалаларында өткен наразылық акциясына қатысып, ұсталған еді. Олардың адвокаттары істің саяси астары барын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG