Accessibility links

Навальный қорын "ақша жымқырды" деп айыптады


Алексей Навальный. Қаңтар айы, 2018 жыл.
Алексей Навальный. Қаңтар айы, 2018 жыл.

Ресейдің тергеу комитеті оппозициялық саясаткер Алексей Навальный жетекшілік ететін жемқорлықпен күрес қорының үстінен "ақша жымқыру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғады.

Ведомство сайтында Ресей ішкі істер министрлігіне түскен іс бойынша қылмыстық іс қозғалғаны, жемқорлықпен күрес қоры "шамамен бір миллиард рубль көлемінде қаржыны заңдастырғаны" жазылған.

Тергеу дерегінше, "2016 жылдың қаңтар айы мен 2018 жылдың желтоқсан айы аралығында "Жемқорлықпен күрес қоры" коммерциялық емес ұйымына қатысы бар адамдар рубль және шетелдік валюта түрінде ірі көлемде қаржы алған, бұл ақшаны "үшінші тарап" Мәскеудегі Cash-in және Recycling банкоматтары арқылы бірнеше банктің есепшотына енгізген". Тергеу комитеті "қылмысқа қатысы бар барлық адамдардың аты жөнін анықтап, ұстау үшін барлық қажетті шаралар қолданылып жатыр" деп жазған.

"Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру немесе жымқыру" бабы бойынша жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, бұған дейін полиция Алексей Навальный, қордың бұрынғы директоры Роман Рубанов, Навальный штабының жетекшісі Леонид Волков, қор өкілі Руслан Шаведдинов және өзге де адамдардың банктегі есепшоттарын тексерген.

Бұл ақпаратқа байланысты пікірін айтқан Леонид Волков "құқық қорғау органдары қорға қайырымдылық ретінде түскен қаржыны "жымқырды" деп айыптағысы келеді, осылайша билік Навальный штабының аймақ бойынша қаржыландырылуын тоқтатқысы келеді" деген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG