Accessibility links

ЖАҢАЛЫҚТАР

Семейдегі акцияда Жәкішевті түрмеден босатуды талап етті

Белсенді Әлия Исенова №2 қалалық соттың алдында Мұхтар Жәкішевті түрмеден босатуды талап етіп жалғыз адамдық пикет өткізіп тұр. Семей, 5 тамыз 2019 жыл.

5 тамызда таңертең Семей қаласында жергілікті белсенділер Кенжебек Сұлтанбеков пен Әлия Исенова қазір осы қаладағы түзеу мекемесінде сот жазасын өтеп жатқан "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті қолдап, жалғыз адамдық акция өткізді. Бұл туралы Азаттыққа Семейден белсенді Роллан Машпиев хабарлады.

Оның сөзінше, Сұлтанбеков Семей қалалық прокуратурасы алдына "Мұхтар Жәкішевке бостандық талап етемін!" деген жазуы бар, ал Исенова тұтқын Жәкішевтің мерзімінен бұрын шартты бостандыққа шығу туралы өтінішін қанағаттандырмаған Семей қалалық №2 соты алдына "Жәкішевке және заңсыз сотталғанғандарға бостандық" деп жазылған плакат ұстап шыққан. Белсенділер акциясы туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында тікелей трансляция жүргізді.

Кенжебек Сұлтанбеков пен Әлия Исенованың акциясы шамамен бір сағатқа жуық жалғасқан. "Билік өкілдері акцияны сырттай бақылап, видеоға түсіріп алғанымен ешқандай сұрақ қойған жоқ, бұл жолы ешкімді ұстамады" дейді семейлік белсенділер.

24 шілдеде Семей қалалық №2 сотының судьясы Ермек Шымыров қамаудағы Мұхтар Жәкішевтің мерзімінен бұрын бостандыққа шығаруды сұраған өтінішін қанағаттандырудан бас тартқаннан кейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында жергілікті белсенділер Жәкішев пен қазақстандық құқық қорғаушылар саяси тұтқындар тізіміне енгізген өзге де азаматтарға бостандық беруді талап етіп акциялар өткізген. Бұған дейін дәл осындай акцияларға шыққандарды дереу ұстап әкететін полиция бұл жолы пикетке шыққандарды ұстамай, тек сырттай бақылаумен шектелді дейді белсенділер.

Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады.

Оқи отырыңыз: Семей соты Мұхтар Жәкішевті қамаудан босатпады

Биыл 56 жасқа толған Мұхтар Жәкішев 2009 жылы мамырда ұсталған соң "сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады" деп айыпталып, 14 жылға сотталған. Оған "Венада (Австрия) "Қазатомөнеркәсіп" компаниясының заңсыз өкілдігін ашу арқылы пайда тапты, астыртын касса ұстады, күзетшісіне қосымша еңбекақы төлеп келген" деген айып тағылған еді. Түрмеде отырған кезде үшінші топ мүгедектігін алған Жәкішев өзіне тағылған айыптармен келіспейді.

Қазір ол жазасын Семей қаласындағы қатаң режимдегі колонияда өтеп жатыр.


Басқа да жаңалықтар

Өтемақы төлеу үшін мешіт алдында "садақа сұраған" белсенділерге айыппұл салынды

Полиция мешіт алдынан Санавар Закированы ұстап әкетіп барады. Нұр-Сұлтан, 22 қараша 2019 жыл.

22 қарашада Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық полиция бөлімшесі мешіт алдында "садақа сұраған" азаматтық белсенді Санавар Закирова мен онымен бірге ұсталған Любовь Бейсембаева, Зинагүл Құтмамбетова және Гүлнар Оразғұловаға әрқайсысына 12 625 теңге (32 доллар) көлемінде айыппұл салды. Полиция оларды "қоғамдық орын ережесін бұзды" (Әкімшілік кодексте "Қоғамдық орында тиісу" деп көрсетілген) деп айыптады.

22 қарашада күндіз жұма намазы уақытында Нұр-Сұлтандағы "Хазірет Сұлтан" мешітінің алдында Санавар Закирова бастаған бірнеше әйел "ақша жинау" акциясын өткізген. Белсенділердің айтуынша, олар бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев басқаратын партия мүшелерінің шағымы бойынша өздеріне салынған өтемақыны төлеу үшін "садақа сұраған". Мешіт алдында ақша жинап тұрған кезде арнайы жасақ өкілдері мен полиция келіп, төрт әйелді ұстап әкетті. Белсенділердің айтуынша, бір сағатқа жуық уақыт ішінде олар 80 мың теңгеден астам ақша жинаған.

Закирова Азаттық тілшісіне телефон арқылы шешімді апелляцияға беретінін айтты.

18 қарашада Алматы қаласының Жетісу аудандық соты моральдық шығынның өтемақысы ретінде азаматтық белсенділер Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев және Марат Тұрымбетовті "Нұр Отан" партиясының төрт мүшесіне әрбіріне бір жарым миллион теңгеден (шамамен 3875 доллар) ортақтасып төлеуді міндеттеген. Сот шешімі күшіне енген жағдайда жауапкерлер "Нұр Отан" партиясына сот шығыны үшін 60 мың теңгеге жуық ақша төлеуі тиіс.

Сот сонымен бірге үш белсендіні Facebook-тағы парақшаларында "Нұр Отан" партия құруға кедергі жасады" деген жазбасын терістеуді де міндеттеген. Жауапкерлер соттан талап арызды қанағаттандырудан толық көлемде бас тартуын сұраған.

Оқи отырыңыз: Алматы соты "Нұр Отан" партиясының белсенділерге қарсы талабын қанағаттандырды

"Нұр Отан" мүшелерінің сотқа шағымдануына әлеуметтік желілер мен ақпарат құралдарында белсенділер жариялаған жазбалар түрткі болған. "Нұр Отан" өкілдерінің айтуынша, бұл жазбаларда Закирова, Ильяшев және Тұрымбетов "шындыққа сәйкес емес ақпарат" таратқан.

Биыл көктемде белсенді Санавар Закирова "Наше право" партиясын құру және құрылтайын өткізу туралы бастама көтеріп, ақпарат жариялағалы бері түрлі кедергілерге тап болғанын мәлімдеген еді.

Қарағанды облысында кеншілерді эвакуациялады

Ленин атындағы шахта. Көрнекі сурет.

Қарағанды облысы Шахтинск қаласындағы Ленин атындағы шахтада жұмысқа шыққан кеншілердің барлығын жылдам эвакуациялады. Ескі шахтадан түтін шығып, оқиға орнына кәсіби әскери құтқару қызметі барған. Зардап шеккендер жайлы дерек жоқ.

"Хабарлау құрылғыларының көмегімен ескі кен орны аумағынан түтін шыққаны анықталды. Апат кезіндегі қимылдау жоспарына сәйкес, кеншілердің барлығы жоғары жаққа шығарылды" деді Азаттыққа "АрселорМиттал Темиртау" компаниясының өкілі.

Қарағанды көмір бассейніндегі ірі шахталардың бірі Ленин атындағы шахта 1964 жылы пайдалануға берілген. 1996 жылы шахта үндістандық миллиардер Лакшми Миттал басқаратын компанияның меншігіне өтті. Теміртаудағы металлургия комбинаты да "АрселорМиттал Темиртау" компаниясына қарайды.

1970 жылдың соңынан бері Ленин атындағы шахтада адам шығыны болған кемінде жеті апат болған. Ең ірісі 2006 жылы болды. Ол кезде метан жарылып, 41 кенші қаза тапты, жеті адам жараланды.

Ақтөбеде 15 күндік қамаудан шыққан белсенді бірден сотқа жеткізілді

Ақтөбелік белсенді Әлібек Молдиннің 15 күндік қамаудан соң сот залына жеткізілген беті. 22 қараша 2019 жыл, Ақтөбе қалалық сотының ғимараты

"Қытай экспансиясына" қарсы митингіге қатысқаны үшін 15 күнге қамалған ақтөбелік белсенді Әлібек Молдин әкімшілік қамаудан шыға салысымен тағы да сотқа тартылды. Соңғы жарты жылда төрт рет әкімшілік қамауға алынған Молдин 22 қараша күні уақытша қамау изоляторынан тура сот залына жеткізілді. Бұл жолы оның үстінен үш қылмыстық іс қозғалып отыр. Үшеуінде де Әлібек Молдиннің үстінен көп балалы аналар шағымданған. Олар Молдин "көп балалы аналарды әлеуметтік желіде тілдеді" деп айыптайды.

Алғашқы сот отырысында Ақтөбе қалалық сотының судьясы Темірбек Алданов белсенді Әлібек Молдиннің үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тараптарды тыңдады. Судьяның сөзіне қарағанда, қала тұрғындары Махаббат Сегізбаева мен Гүлмира Бимағанбетова Ақтөбе қалалық сотына жеке шағым түсіріп, Әлібек Молдинді Қылмыстық кодекстің 131-бабы 2-бөлігіне сай ("Қорлау" бабы) қылмыстық жауапқа тартуды сұраған.

Бес баланың анасы Гүлмира Бимағанбетованың айтуынша, бір топ ана 2019 жылы 6 қыркүйек күні облыс әкімдігіне барып, әлеуметтік мәселелерін айтқан.

- Сол кезде біздің жанымызға Әлібек Молдин келіп, телефонына түсіре бастады. Оның Facebook-тағы парақшасынан тікелей эфирден хабар таратқанын кейін білдік. Тікелей эфирде Молдин көп балалы аналарға қарата "мал болып өтесіңдер, халықтың тобыр екенін осыдан білуге болады" деген. Өз басым Молдиннің бізді малға, тобырға теңегеніне қатты ашуландым, - дейді Гүлмира Бимағанбетова сотта.

Екінші шағым беруші Махаббат Сегізбаева да Молдин "менің ана ретінде ар-намысыма тиіп, қадір-қасиетіме нұқсан келтірді" деп санайды.

Әлібек Молдин өзіне тағылған айыпты мойындамады. Белсенді 6 қыркүйекте әкімдік ғимаратына барғанын, Facebook-та тікелей эфир жасағанын растағанмен "аналарды балағаттамағанын" жеткізді. Ол қамаудан шыққан бойда сот залына жеткізілуі мен үш қылмыстық іске тартылуын өзінің азаматтық белсенділігімен байланыстырады.

Бүгін тараптарды тыңдаған судья Темірбек Алданов сот процесінің 27 қараша күні жалғасатынын айтты.

26 қараша күні Ақтөбе қалалық сотының судьясы Саят Тәшімбаев белсенді Молдинге қатысты тағы бір қылмыстық істі қарайды. Ол іс те көп балалы ана Сәнімгүл Сүйінбаеваның шағымы негізінде қозғалған. Шағым түсіруші Сүйінбаева "2019 жылы 6 қыркүйек күні облыс әкімдігі жанындағы митингі кезінде Әлібек Молдин бізді тілдеді" деп сотқа шағынған.

"Батырбеков апелляциясы": Журналист жазбасын сараптаған маман сұралды

Журналист Амангелді Батырбеков және оның адвокаты сот залында отыр. Түркістан, 22 қараша 2019 жыл.

Түркістан облыстық соты "Жала жабу" және "Қорлау" бабымен 2 жыл 3 айға түрмеге қамалған журналист, белсенді Амангелді Батырбековтің апелляциялық шағымын қарап жатыр. Соңғы отырыста сот "апелляциялық шағымға қатысты қаулы шығаруға дәлелдер жеткіліксіз" деп істі қайта тергеуге жіберген еді.

22 қараша күнгі сот отырысында Амангелді Батырбеков екі талап-тілек білдірді. Ол алғашқы инстанциядағы судьяның хатшысы мен аудандық білім бөлімінің бас маманы Айбек Тұрсынбайды куә ретінде шақыруды сұрады. Сот алғашқы өтінішті қанағаттандырмады, Тұрсынбайды шақыруды құптады.

Талап-тілектерді қарап болған соң сот алқасы Шымкенттегі сот сараптама орталығының сарапшысы Майра Мырзаевадан жауап алды.

Майра Мырзаева Батырбековтің Әбдиевке қатысты жазбасын жәбірленуші жақтың адвокаты Гүлжан Әбдіхалықованың өтінішімен келісім-шарт негізінде сараптағанын айтты. Оның айтуынша, сот психологиялық-филологиялық сараптама жасау қажеттігін айтқанмен тек филологиялық сараптама жасалған.

"Адвокат өтінішінде психологиялық сұрақтар болған жоқ, сондықтан психологиялық сараптама жасауға қажеттілік болған жоқ" деді Майра Мырзаева.

Ол бұған қоса, Батырбековтің жазбасындағы "тупой" деген сөзге ғана баға берілгенін айтты. Ол бұл сөз "топас, ой-өрісі тар" деген мағына береді, сондықтан Әбдиевтің жеке басын балағаттауға жатады деп қорытынды жасағанын айтты.

Ал Мырзаеваға бірнеше сұрақ қойған Батырбеков бұл сөзді "Алик Федор" атты жалған аккаунт иесіне сілтеме жасап жазғанын, маманның сараптама кезінде бұл сөзді сөйлемнен бөліп тастап, сараптағанын айтты. Соттан осы жайтқа мән беруді сұрады.

Соңғы отырыста сот жәбірленуші Әбдиевті іске қатысы бар бірқатар маңызды құжаттарды әкелуді тапсырған еді. 22 қарашада әкелген құжаттармен танысқан Батырбеков олардың арасында бірнеше құжат жетіспейтінін айтты. Ал сот қылмыстық іске қатысы бар жеті директорды тағайындау туралы Келес аудандық білім бөлімі басшысының бұйрығы мен олардың еңбек кітапшаларын толық алып келуді Әбдиевке тапсырды.

Сот алқасы істі қарауды 25 қарашаға қалдырды.

Қыркүйектің 23-іне Сарыағаш аудандық соты жергілікті "Сарыағаш инфо" газетінің редакторы және "Сарыағаш - Әділет" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Амангелді Батырбековті Facebook әлеуметтік желісіне жергілікті шенеуніктің "ар-намысына тиіп, қадір-қасиетін қорлайтын" жазба жариялағаны үшін Қылмыстық кодекстің "Жала жабу" (130) және "Қорлау" (131) баптары бойынша айыпты деп танып, 2 жыл 3 айға бас бостандығынан айырған. 54 жастағы Амангелді Батырбеков өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартқан. Түркістан облыстық соты апелляциялық шағымды 12 қарашада қарай бастаған.

"Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists, CPJ) Қазақстан билігін Батырбековті дереу босатып, тағылған барлық айыпты алып тастауға шақырды.

Мешіт алдында "садақа сұраған" белсенділерді полиция ұстап әкетті

Полицияның Санавар Закированы ұстап бара жатқан сәті. 22 қараша 2019 жыл.

Полиция Нұр-Сұлтанда Әзірет Сұлтан мешіті алдында "садақа сұрап", акция өткізген белсенді Санавар Закирова мен бірнеше адамды ұстап әкетті. Бұл ақпаратты оқиға орнында жүрген Азаттық тілшісі хабарлады.

22 қарашада түс кезінде Санавар Закирова "Нұр Отан" партиясына 6 миллион теңге қарыз болып қалғанын айтып, мешіт алдында садақа сұраған еді. Акцияға Закированы қолдаған тағы үш әйел қосылды. Бірнеше күн бұрын Алматы соты "Нұр Отан" мүшелері туралы "жалған ақпарат таратқаны" үшін Санавар Закирова және тағы екі белсендіні моральдық өтемақы ретінде партияға шамамен алты миллион теңге өтеуді міндеттеген.

"Мені алты миллион теңге жинауға мәжбүрлеп жатыр. Менде ондай ақша жоқ. Көмектесіңіздерші. Ер азаматтар, сіздер жұма намазға барасыздар. Ақша жинауға көмектесіңіздерші. Мен қарапайым әйелмін. Менде адвокат жалдайтындай 100 мың теңге де жоқ. Назарбаевтың партия мүшелеріне ақша беріңіздерші. "Нұр Отан" партиясы 6 миллион теңге алғысы келеді" деп айқайлады Санавар Закирова.

Ол бұл өтемақыны өтей алмаса, баспанасынан айрылуы мүмкін екенін айтты.

Жұма намазына жиылған кейбір тұрғындар белсенділердің садақа жәшігіне ақша тастады.

Акцияны әуел баста полиция жай ғана бақылап тұрған. Бірақ жұма намазы басталып, сырттағы адамдардың бәрі ішке кірген кезде арнайы жасақ өкілдері белсенділерді ұстап әкетті. Бірнеше әйелді ұстау үшін бір автобус жасақ келді.

Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Малыбаев оларды полиция бөлімшесіне апаратынын, 449-бап бойынша ("Қоғамдық орындарда тиісу") әкімшілік жазаға тартуы мүмкін екенін айтты.

19 қарашада Алматы қаласының Жетісу аудандық соты "Нұр Отан" мүшелері туралы "жалған ақпарат таратқаны" үшін үш белсенді Санавар Закирова, Әлнұр Ильяшев және Марат Тұрымбетовтің әрқайсысын моральдық шығын ретінде партияға 1,5 миллион теңге (жалпы алты миллион теңге) төлеуді міндеттеген.

Оқи отырыңыз: Алматы соты "Нұр Отан" партиясының белсенділерге қарсы талабын қанағаттандырды

СІМ: Гонконгтегі 142 қазақ студентінің жағдайы белгісіз

Полиция наразылардың бірін ұстап барады. 18 қараша 2019 жыл.

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров Гонконгте оқып жатқан 142 қазақ студентінің жағдайы белгісіз екенін айтты. 21 қарашада орталық коммуникация қызметінің баспасөз жиыны кезінде ол бұл студенттердің Гонконгтегі консулдыққа тіркелмегенін де жеткізді.

Смадияров жақында Гонконгте ұсталған қазақ студентінің жағдайы туралы да айтқан.

"Біздің азаматымызды - Гонконгтегі баптистер университетінің бірінші курс студентін полиция ұстаған. Консулдыққа бұл ақпарат түскеннен кейін дипломаттар дереу ол отырған қамау орнына барып, онымен кездесті. Оның ешқандай шағымы жоқ. Оң қолы жараланған. Бәрін тексердік. Оны полиция ұстаған кезде құлап, қолы сәл сырылған. Біз ата-анасымен хабарластық. Дипломаттар адвокаттар іздеп жатыр" деді ол.

Смадияров ұсталған студенттің наразылыққа не үшін қатысқанын білмейтінін айтқан.

"Достарымен араласпаған. Өте тұйық бала. Дипломаттар ұйымдастырған шарада болмаған" деді Айбек Смадияров.

20 қарашада сыртқы істер министрлігі Гонконгте Әбілқайыр Нұқпиев есімді (СІМ мәлімдемесінде - Абилькаир Нукпи) 19 жастағы қазақ студентінің ұсталғанын хабарлаған. Ақпарат бойынша, студенттің қолында жанғыш зат бар бөтелке болған. 16 қарашада Гонконгтегі баптистер университетіне бекінген наразыларды ұстау үшін полиция кампусқа шабуыл жасаған кезде қазақстандық студентті де ұстап алып кеткен. Оның ісі бойынша екінші сот тыңдауы 15 қаңтарда өтеді.

18 қарашада Қазақстанның СІМ Гонконгтегі наразылыққа байланысты 118 студенттің елге келгенін хабарлаған. Министрлік 48 студенттің жақын күндері Қазақстанға оралатынын айтқан.

Оқи отырыңыз: Гонконгтегі наразылықтан соң жүзден астам қазақстандық студент елге оралды

Соңғы бес айдан бері жалғасып жатқан наразылық шарасында Гонконг жұрты биліктен демократияға бастар нақты қадамдар талап етеді. Наразылар Қытайдың Гонконгтің ішкі ісіне араласқанына да наразы.

Помпео ирандықтарды "билік қуғыны" жайлы фото-видео айғақ жіберуге шақырды

Бензин бағасының қымбаттағанына наразылық білдірген тұрғындар.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Иран тұрғындарын биліктің наразыларды "қудалағанын" дәлелдейтін фото-видео айғақ жіберуге шақырып, Вашингтон "заңбұзушылықтар" үшін санкция салады деп мәлімдеді.

"Ирандағы наразылардан режимнің қудалағанын дәлелдейтін фото, видео және өзге де ақпарат жолдауын сұрадым. АҚШ [ол деректі] жариялап, сол үшін санкция салады" деп жазды Помпео 21 қарашада Twitter-дегі парақшасында. Ол жазбасын ағылшын және парсы тілінде жазған.

Бензин бағасының қымбаттауы мен жанар-жағар май тапшылығынан туындаған наразылықты басу үшін қатаң күш қолданған Иран билігін бұған дейін халықаралық ұйымдар айыптаған.

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы жариялаған дерекке сәйкес, полициямен қақтығыс кезінде "ондаған адам қаза тауып, жараланған болуы мүмкін". Халықаралық Amnesty International құқық қорғау ұйымы Иранның түрлі аймағында жалпы саны 106 адамның өлгені туралы дерек барын хабарлаған.

Режиссер Әділхан Ержанов "Азия Оскарын" жеңіп алды

Әділхан Ержанов марапаттау рәсімінде. Австралия, Брисбен қаласы, 21 қараша 2019 жыл.

Режиссер Әділхан Ержанов Asia Pacific Screen Awards (APSA) кинопремиясының "Үздік режиссер" номинациясын жеңіп алды. Бұл сыйлықты кейде "Азия Оскары" деп те атайды.

Марапаттау рәсімі 21 қарашада Австралияның Брисбен қаласында өтті. Ержановқа бұл сыйлық "Қап-қара адам" ("Черный, черный человек") фильмі үшін берілді. Онда күштік құрылым өкілдерінің бала өлімін жасыруға тырысып, тек журналист іске араласа бастағаннан кейін қылмыстың анық-қанығына жететіні баяндалады.

Бұл номинация бойынша үміткерлер қатарында Филиппин режиссері Лав Диас, қытайлық Ван Сяошуай, палестиналық Элиа Сулейман, Таиланд режиссері Аноча Сувичакорнпон болды. Былтыр Ержанов - "Үздік сценарий" ("Ласковое безразличие мира"), 2014 жылы "Үздік фильм" ("Хозяева", 2014 год) номинациясы бойынша үміткер болған.

2013 жылы оның "Құрылысшылар" фильмі APSA аясында құрылған "Азия киносын дамыту желісінің" (NETPAC) арнайы сыйлығын алған. 2017 жылы Ержанов APSA-ның халықаралық жюри мүшелері қатарында болды.

APSA сыйлығы 2007 жылдан бері беріліп келеді. Оны ЮНЕСКО, FIAPF (Халықаралық кинопродюсерлер қауымдастығы федерациясы) және Брисбен қалалық кеңесі бірігіп ұйымдастырған. Бұған дейін Ержановтан бөлек бұл сыйлықты 2008 жылы Сергей Дворцов иеленген. Оның "Райхан" фильмі "Үздік фильмі" номинациясын жеңіп алған.

Жылдар бойы APSA сыйлығына үміткерлер қатарында режиссер Ермек Тұрсынов, Кенжебек Шайқақов, Әділхан Ержанов, Эмир Байғазин, актерлар Ерболат Тоғұзақов, Несіпкүл Омарбекова, Самал Еслямова болған.

Аягөзде газ баллоны жарылып, бірнеше адам зардап шекті

Газ баллоны жарылған үй. ШҚО, 21 қараша 2019 жыл.

20 қарашада кешкі 21.00 шамасында Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, үйдің қабырғасы құлаған. Бұл ақпаратты Шығыс Қазақстан облыстық төтенше жағдай департаменті хабарлады.

Ауруханаға денесі күйген жеті адам жеткізілген, олардың төртеуі - бала. Полиция жарылыстың себебін анықтап жатыр.

Төтенше жағдай комитетінің төрағасы Владимир Беккерге сілтеме жасаған жергілікті БАҚ жарылыс "газ баллонындағы ақаудан болды" деп жазды.

20 қарашада Қызылорда қаласында да осыған ұқсас жағдай болып, ерлі-зайыпты екі адам зардап шеккен.

Путин: Жаңа қаруды бәрібір сынай береміз

Неноксадағы жарылыс кезінде бүлінген понтондар.

Ресей президенті Владимир Путин тамыз айында Северодвинскідегі сынақ кезінде жарылып, жеті адамның өліміне себепші болған жаңа қаруды Ресей бәрібір жетілдіре береді деп мәлімдеді.

Бейсенбі, 21 қарашада Кремльде Ненокса полигонында қаза тапқан адамдардың туыстарына "Ерлік" орденін тапсырған Путин апат жөнінде түсініктеме берді. Ол полигонда нақты қандай қару сынақтан өткенін айтпады. Бірақ "Ресейдің қауіпсіздігін ондаған жыл қамтамасыз ететін әлемде теңдесі жоқ қару" деп сипаттады. Путиннің сөзінше, "уникалды технология әлемде бейбітшілікті сақтауға кепілдік береді".

Бұған дейін Ресей президенті "болашағы зор" қару жүйесімен жұмыс барысында жарылыс болғанын айтқан. Қорғаныс министрлігі жарылыс радиоизотопты энергия көзінен шықты деп хабарлады.

Азаттықтың Орыс қызметі және өзге бірқатар БАҚ ашық деректерге сүйене отырып, жарылыс себептері жайлы болжам жариялаған. Қазан айында АҚШ мемлекеттік департаменті Ресейдің Архангельск облысындағы полигонда болған жарылыс Ақ теңіздің түбінен ядролық қондырғысы бар "Буревестник" зымыранын алып шығу кезінде болған деген қорытынды жасады.


Тамыздың 8-іне болған жарылыста "Росатомның" бес қызметкері, екі әскери қызметкер қаза болып, бірнеше адам жараланды. Олардың кейбіріне радиация сәулесі өткені хабарланды. Северодвинскідегі жарылыстан соң аймақта радиация деңгейі 16 есеге ұлғайып, қалпына түскен.

Израильдің премьер-министріне жемқорлық бойынша айып тағылды

Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяху.

Израильдің бас прокуратурасы премьер-министр Биньямин Нетаньяхуға "жемқорлық" бабы бойынша айып тақты. Үкімет жетекшісі жақын арада мәлімдеме жасайды.

Премьер-министрге үш іс бойынша айып тағылатыны ақпан айында белгілі болған. Ол кезде прокурорлар Нетаньяхудың кәсіпкерлерден шамамен 300 мың доллар көлемінде сыйлық қабылдағанын айтқан. Сонымен бірге баспасөзде өзі туралы жағымды жаңалық көп болуы үшін медиабизнес өкілдерінің ұсынысын орындағанын айтқан. Ал Нетаньяху тағылған айыпты жоққа шығарған.

Нетаньяхудың айыпталғаны жайлы хабар Израильдегі саяси дағдарыспен тұспа-тұс келіп тұр. Қыркүйек айында қайта парламент сайлауы өткенмен жаңа үкімет жасақталмады. Коалиция құруға тырысқан Нетаньяхудың сәтсіз талпынысынан кейін Бени Ганц жетекшілік ететін оппозиция өзге партиялармен келіссөз жүргізе бастады. Егер ол келісім жасай алмаса, Израильде үшінші рет қайта сайлау өтпек.

Аудандық сот қарағандылық белсендінің үкіметке түсірген шағымын қарамады

Әлия Садырбаева.

Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық №2 соты белсенді Әлия Садырбаеваның үкіметтің үстінен түсірген шағымын қараудан бас тартты.

"Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық №2 сотының шағымданушы арызы қарауға құқығы жоқ. Шағымданушы жауап беруші орналасқан жердегі сотқа арызлана алады" деп жазылған соттың анықтамасында.

Белсенді сот арқылы пайдалы қазбалардан түскен қаржыны халыққа беруді заңға енгізуді; Ұлттық қорға қанша ақша түскенін, ол қаржының қаншасы халық игілігіне жұмсалғанын жариялауды; үкіметке халықты масыл деп айыптауға тыйым салуды талап еткен. Садырбаева сотқа жазған арызында биліктен "ұлттық компаниялардың қанша қаржысы шетелдегі банктерде жатқаны туралы ақпаратты ашуды" сұраған.

Белсенді өзі тұрып жатқан жердегі сотқа шағымдануға құқығым бар деп санайды. Ол "Нұр-Сұлтанға барып, сол жақтағы сотқа арызданатынын" айтты.

Қыркүйекте Садырбаева Қарағандыда жергілікті белсенділермен Қазақстанның Қытайдағы жобаларына қарсы наразылыққа шыққан. Қарағандылық белсенділер облыстағы вольфрам-молибден кенішінің Қытай инвесторларына "берілгеніне" қарсы болған.

Қазақстандық "Тау-Кен Самұрық" ұлттық компаниясы Қытайдың

Xiamen Tungsten Co.Ltd компаниясымен Қарағанды облысындағы – Жоғарғы Қайрақты және Солтүстік Қатпар кенішін игеру туралы келісімге келген. Қазір жоба бойынша геологиялық-экологиялық және техникалық-экономикалық зерттеу жүріп жатыр. Кен игеру әлі басталған жоқ.

ОСК референдум өткізуді ұсынған топтың өтінішін қарастырмақ

Референдум өткізуді ұсынған азаматтар жиыны. Нұр-Сұлтан, 10 қараша 2019 жыл.

21 қарашада Қазақстан орталық сайлау комиссиясы бастамашыл топтан референдум өткізу туралы өтініш келіп түскенін хабарлады. Бастамашыл топ референдум арқылы "Сайлау туралы" және "Саяси партиялар туралы" заңды өзгертуді көздейді.

ОСК бастамашыл топтан тіркеу туралы өтініш, 62 адам қатысқан референдум ұйымдастыру туралы 10 қарашада өткен жиналыстың хаттамасын қабылдап алғанын мәлімдеді. Комиссияға өтінішті бастамашыл топ өкілдері Нұрлан Ысқалиев, Ақмарал Әбдіхалықова тапсырған.

Орталық сайлау комиссиясы бастамашыл топтың өтінішін "Референдум өткізу" туралы заңға сай қарайтынын хабарлады.

10 қарашада Нұр-Сұлтанда бір топ белсенді жиын өткізіп, "Сайлау туралы" және "Саяси партиялар туралы" заңды өзгерту үшін референдум өткізу мәселесін талқылаған. Ұйымдастырушылар жиынға әр облыстан 500-дей адам келгенін айтқан.

Белсенділер референдумда мына екі мәселені дауысқа салғысы келеді:

  • "Сайлау туралы" заңға өзгеріс енгізу. "Бір мандатты округтер бойынша сайлау жүйесін енгізуге келісесіз бе?"
  • "Саяси партиялар туралы" заңға өзгерту енгізу. "Саяси партияларды тіркеу кезінде оның мүшелірінің санын 40 мың адамнан бір мыңға дейін азайтуға келісесіз бе?"

Нұр-Сұлтандағы жиында белгісіз бір адам "жиналыстың заңдылығына күмән келтіріп", дауласқан еді. Жиынға наразылық білдірген қатысушыны залдан күштеп шығарған.

Видео: Бастамашыл топтың жиыны қалай өтті?

Референдум бастамасы қолдау таба ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:35 0:00

"Референдум өткізу туралы" заңға сай, ОСК бастамашыл топтың өтінішін бес күнде қарап, топты және референдумға ұсынылған мәселені тіркейді. Егер ОСК тіркеуден бас тартса, бастамашыл топ он күн ішінде Жоғарғы сотқа шағымдана алады. Ал тіркеген жағдайда бастамашыл топ қол жинауды бастайды. Қол жинау процесі заңға сай өтсе, референдум ұйымдастыру туралы өтініш президенттің қарауына жіберіледі.

Дәретханадағы оқиғадан соң Тараз әкімі жұмыстан босап, облыс әкімі ескерту алды

Қайрат Досаев (сол жақта) Тараз тұрғындарымен кездесіп отыр. (Сурет Тараз қаласы әкімдігінің сайтынан алынды).

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тараздағы мектептердің біріндегі дәретханада 12 жастағы қызды зорлау оқиғасынан кейін қала әкімі Қайрат Досаевты қызметінен босатуды бұйырды. Тоқаев Twitter парақшасында Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовке ескерту жасағанын да хабарлады.

Тоқаев твитінде "Досаев жұмысында жүйелі кемшіліктер жіберген" деп те жазды. Артынша Жамбыл облысының әкімдігі Досаевтың жұмыстан босатылғанын, оның орынбасары Бейсенбек Жанбосынов әкім міндетін уақытша атқаратынын хабарлады.

Қайрат Досаев Тараз қаласының әкімі болып биыл сәуірде тағайындалған.

Қараша айының ортасында Таразда ер адам мектептердің бірінде ауладағы дәретханаға сабақ кезінде сұранып шыққан 7-сынып оқушысын зорлаған. Бұл оқиғадан кейін мектептің бірнеше қызметкері жұмыстан қуылған. Полиция 38 жастағы ер адамның ұсталғанын, оның бұрын сотталғанын хабарлады.

Дәрігерлер Қызылордада көлік қаққан екі адамның жағдайын ауыр деп бағалайды

Көрнекі сурет.

Дәрігерлер Қызылордада аялдамада тұрғанда көлік қаққан екі адамның жағдайы өте ауыр екенін айтады. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің орынбасары Олжас Ысқақовтың сөзінше, ауруханаға түскен екі адам "политравма және травматикалық шок" алған. Олар қазір ессіз күйде жатыр. Жағдайлары өте ауыр. Олардың бірі - 10 жаста.

"Ол қазір облыстық балалар ауруханасында жатыр. Барлық қажетті процедуралар жүргізілді. Реанимация бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр" деді Олжас Ысқақов. Оның айтуынша, 1988 жылғы екінші пациент қалалық ауруханада жатыр.

21 қарашада таңертең Қызыордада Назарбаев даңғылында "Тойота Камри" мен "Мерседес Бенц" көлігі соқтығысып, "Тойота" жүргізушісі "көлігін басқара алмай, автобус аялдамасында тұрған адамдарды соққан". Үш адам сол жерде қайтыс болған. Екі адам ауруханаға жеткізілген.

Полиция апат орнынан жүргізушіні ұстап, уақытша қамау изоляторына қамаған. Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бабы (345-бап) бойынша қылмыстық іс қозғаған. Сараптама тағайындалған.

Еуропа одағы статистика қызметінің дерегінше, Қазақстан жол апаты көп болатын әлемдегі бес елдің қатарына енеді. Жол ережесін сақтамау және жол сапасы – көлік апаттарының негізгі себебі.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Мәнізоров ісі" туралы айтты

Бағдат Мәнізоров.

Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Данияр Бекайдаров Алматы облысы әкімінің орынбасары "Бағдат Мәнізоровтың ісін" тоқтатқан бас прокуратураның келтірген дәлелдерін зерттеп жатқанын айтты. Оның айтуынша, "істі тоқтату" туралы шешімді бас прокурордың орынбасары қабылдаған.

"Егер бұл істің жай-жапсарына тоқталсақ, Мәнізоровқа қатысты қылмыстық іс екі азаматтың шағымы негізінде қозғалды. Олар Мәнізоровтың жемқорлық әрекетіне шағымданды. Бас прокуратура шешімінің логикасына сүйенсек, қазір біз бұл лауазымды тұлғаларды Мәнізоровқа қарсы жалған куәлік бергені үшін жауапқа тартуымыз керек. Қазір бас прокуратураның келтірген дәлелдерін зерттеп жатырмыз. Оны қарап болғаннан кейін [шешімге] протест жасау мәселесі қарастырылады" деді ол.

Қазан айының басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоровтің "Алаяқтық" бабы бойынша (Қылмыстық кодекстің 190-бап, 4-бөлім 2-тармағы) күдікке ілінгенін, тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. 28 қазанда Мәнізоровқа тағылған айыптың алынғаны белгілі болды.

Бас прокуратура "қылмыс құрамы жоқ болғандықтан" Мәнізоровтың ісі тоқтатылғанын хабарлады. Кейінірек жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бас прокуратура шешімімен келіспейтінін мәлімдеп, шағым түсірген. Бірақ бас прокуратура шағымды қанағаттандырмады. Өткен аптада жергілікті БАҚ-қа сұхбат берген шенеунік өзіне жала жапқанын айтты.

Ал жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев Tengrinews агенттігіне берген сұхбатында ешқандай "тапсырыс" болмағанын жеткізді.

Бұған дейін жергілікті БАҚ интернетте Бағдат Мәнізоровтің "күмәнді әрекеті" жайлы видео тарағанын да жазды. Адвокаты Алмас Демесінов видеоның монтаждалғанын айтып, Мәнізоровтің "жемқорлыққа" еш қатысы жоғын жеткізген.

57 жастағы Бағдат Мәнізоров Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне биыл 10 шілдеде тағайындалған. Одан бұрын Алматы қалалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын екі жыл басқарды. 2008-2017 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданының әкімі болды. Жергілікті БАҚ-тың болжауынша, оған тағылған айып сәулет-құрылыс бақылау басқармасын басқарған кездегі қызметімен байланысты болуы мүмкін.

"Заңсыз бүйрек алмастырды" деп күдікке ілінген шымкенттік дәрігер екі айға қамалды

Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханасы.

"Заңсыз бүйрек алмастырды" деп күдікке ілінген Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай екі айға қамалды. Бұл туралы 21 қараша күні Азаттыққа Нұр-Сұлтан қалалық сотының өкілі Ботагөз Баянова айтты.

Ботагөз Баянованың айтуынша, 20 қарашада Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты күдікті Абылай Донбайды екі ай мерзімге қамау туралы қаулы шығарған. Қаулы әзірге заңды күшіне енбеген.

19 қарашада ішкі істер министрлігі Абылай Донбайдың үстінен Қылмыстық кодекстің "Трансұлттық қылмыстық топ жұмысына араласу" және "Адам мүшелерін заңсыз саудалау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлаған. Ведомство Абылай Донбайдың бүйрек алмастыру операцияларын қомақты қаржыға заңсыз жасағанын мәлімдеген.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің дерегінше, Абылай Донбай 2019 жылдың наурыз айында Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметіне тағайындалған.

Басқарма дерегінше, Шымкентте 2013 жылдан бері дәрігерлер бүйрек алмастыру операциясын жасай басталған. 2014 жылдан бастап қазірге дейін 106 бүйрек алмастырылған. Қазіргі уақытта төрт науқас туыстарының бүйрегін трансплантациялауға дайындалып жатыр. Бірақ Шымкент қалалық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті органдар мен тіндерді трансплантациялауға санаулы дәрігерге ғана рұқсат берген.

Оқи отырыңыз: Шымкентте дәрігер "заңсыз бүйрек алмастырды" деген күдікке ілінді

Қазақстан заңына сай, қазақстандықтардың шетелдіктерге орган беруіне тыйым салынған. Қазақстан азаматы тек қазақстандықтарға орган бере алады.

Reuters: Швейцария Храпуновқа тағылған айыпты алып тастады

Виктор Храпунов.

Швейцария "жүздеген миллион доллар жымқырды" деп айыпталған Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновқа тағылған айыпты алып тастады. Бұл ақпаратты Женева прокуратурасына сүйенген Reuters агенттігі хабарлады.

Қылмыстық істі тоқтату туралы сот қаулысы тараптарға 14 қарашада берілген. Оған қатысты 25 қарашаға дейін шағым түсірілуі мүмкін.

Ақпарат бойынша, бұл іс Қазақстан билігінің Швейцария билігіне құқықтық көмек көрсету туралы сұрауы негізінде қозғалған. Құжатта Виктор Храпуновтың 90-жылдардың соңы 2000-жылдардың басында Алматы әкімі болып тұрған кезде "қызметтік өкілетін пайдаланып бюджет қаржысын жымқырғаны" жайлы айтылған. 2013 жылдан бері жалғасып келе жатқан істе Храпуновтан бөлек оның отбасы мүшелері және тағы бір олигархтың аты аталады. Reuters "танымал олигархтың" атын айтпайды.

Виктор Храпуновтың өзі Facebook желісінде Швейцарияның Tages Anzeiger басылымына сілтеме жасап, сот шешімінің 12 қарашада шыққанын жазды.

2018 жылы қазан айында Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандандырылған ауданаралық соты Виктор Храпуновты "жемқорлық" және "ақша жымқыру" баптары бойынша кінәлі деп тауып, сырттай 17 жылға соттаған. Сот оның мүліктерін кәмпескелеуді тапсырған. Оның әйелі Лейла Храпунова да сол кезде сырттай 14 жылға сотталды. Сот материалдары бойынша, олардың "қылмыстық әрекеттерінің кесірінен мемлекетке 250 миллион доллар көлемінде шығын келген".

Оқи отырыңыз: Виктор Храпунов сырттай 17 жылға сотталды

Виктор Храпуновтың өзі тағылған айыптарды мойындамаған. 2007 жылы отбасымен бірге Қазақстаннан кеткен Храпунов қазір Швейцарияда тұрып жатыр.

Reuters агенттігі Храпунов туралы жаңалықтың соңында Швейцария президенті Ули Маурердің жұма, 22 қарашада Қазақстанға сапары басталатынын, тараптар екі мемлекет арасындағы қарым-қатынас пен әріптестік жайын талқылайтынын жазған.

Путиннің қызына тиесілі қор 488 миллион рубль табыс тапты

Катерина Тихонованың диссертациясын қорғап жатқан сәті.

Ресей президенті Владимир Путиннің кіші қызы Катерина Тихонова құрған "Ұлттық зияткерлік даму" қоры 2018 жылы 488 миллион рубль табыс тапқан. Қор бұрын-соңды осыншалықты көлемде табыс тауып көрмеген. "Открытые медиа" басылымының қорға қатысты зерттеуінде осындай дерек айтылады.

Тихонова қоры жас ғалымдарға қолдау көрсетіп, бизнес саласында ғылыми зерттеулер жүргізумен айналысады. Бұған қоса, Мәскеу мемлекеттік университеті маңындағы аумақта құрылыс нысандарын салуы мүмкін. Басылымның жазуынша, "Роснефть" компаниясы оған ірі көлемде тапсырыс береді. Құрамында "Ұлттық зияткерлік даму" қоры бар "Иннопрактика" ұйымына мемлекеттік мұнай компаниясынан 659 миллион рубль көлемінде тапсырыс түскен.

"Открытые медиа" басылымының жазуынша, 2019 жылы тапсырыс берушінің "белсенділігі" азайып, "Иннопрактика" ірі тапсырыстардан қағыла жаздаған. Бірақ жыл соңына қарай "Росатом" оны "құтқарып қалып", ғылыми жұмыстарға тапсырыс берген. Оған қарайтын "Атомэнергопром" қазан және қараша айларында құны 120 миллион рубль болатын екі жобаға тапсырыс берген. Жақында қор зерттеу жүргізу мақсатында құны 65 миллион рубль болатын келісім-шартқа қол қойған. Екі ретте де Тихонова қоры байқауға жалғыз өзі қатысқан.

Мәскеу мемлекеттік университеті проректорының орынбасары Катерина Тихонова мамыр айында диссертациясын қорғаған. 2015 жылы қараша айында Reuters агенттігі оның президент Владимир Путиннің қызы екенін хабарлады. Осыдан кейін халықаралық БАҚ бұл тезисті дәлелдейтін бірқатар зерттеулер жариялады. АҚШ-тың қаржы министрлігі оны Путиннің қызы деп атайды. Кремль мен Путин бұған қатысты түсініктеме бермеді. Кремль ақпаратты растамады не жоққа шығармады.

Белсенді Дулат Ағаділді қамаудан босатпады

Белсенді Дулат Ағаділ (ортада). 15 қараша 2019 жыл.

"Полицияға бағынбады" деп айыпталып, 10 күнге қамалған белсенді Дулат Ағаділді уақытша қамау орнынан босатпады. 21 қарашада түс кезінде Ақмола облысы Ақмол кентіндегі уақытша қамау орнының алдына оны қарсы алу үшін барған туыстары, белсенділер, достары Ағаділді көре алмады. Белсенді Ербол Есхожиннің Азаттыққа айтуынша, түскі 12.30 шамасында изолятор қызметкері шығып, "сот қаулысына сәйкес Ағаділдің тағы бес күн қамау орнында отыратынын" айтқан.

"Изолятордан бір қызметкер шықты. Осындай сот қаулысы бар, тағы бес күн осында болады деді. Біз адвокатымен сөйлестік. Ол да растады. Сот қаулысына сәйкес, ол тағы бес күн отырады деп бәрін түсіндіріп берді" деді Ербол Есхожин.

Белсендінің адвокатының айтуынша, бұған дейін Ағаділдің үстінен сот отырыстарының бірінде "сотқа құрмет көрсетпегені үшін" әкімшілік іс қозғалып, 8 қарашада оны бес күнге қамау туралы қаулы шыққан. 18 қарашада Көкшетау соты бұл іс бойынша апелляциялық шағымды қарап, өзгеріссіз қалдырған. Бес күндік жазасын өтеуі үшін бүгін сол үшін оны қамауда қалдырған. Ағаділді 25-26 қарашада босатуы мүмкін.

42 жастағы Дулат Ағаділ азаматтық құқықтар мен саяси бостандықтардың сақталуын талап етіп жүрген белсенді ретінде танымал. Ол билікке наразылық акцияларына қатысқаны үшін бұған дейін бірнеше рет әкімшілік қамауда болған. Соңғы рет қарашаның 4-і күні Ақмол кентінде "сотқа апармақ болған полицияның заңды талабына бағынбаған" деген айып тағылып, сот шешімімен 10 тәулікке қамалған.

13 қарашада Дулат Ағаділдің тергеу изолятордан "қашып кеткені" туралы ақпарат шыққан. Ішкі істер министрлігі оның "өз бетімен изолятордан шығып кеткенін" айтса, жақтастары ресми орындардың дерегіне күмән келтіріп, Ағаділ отырған изоляторға да барып, түсініктеме беруді талап еткен. 14 қарашада Ағаділ Нұр-Сұлтандағы бас прокуратураға өзі кезіккен "заңсыздықтарға" шағымдану үшін барған кезде полиция сол жерден ұстап әкетті. Сол жерде жақтастарымен сөйлесіп үлгерген Ағаділ "заңсыздық пен қудалау қашуға мәжбүр етті" деп айтқан.

Оқи отырыңыз: Жазықсыз қудалау мен заңсыздық қашуға мәжбүр қылды

15 қарашада полиция "қамау орнынан өз еркімен кеткені үшін" Ағаділді Әкімшілік кодекстің 669-бабы бойынша ("Сот шешiмiн орындамау") жауапқа тартып, Целиноград аудандық соты 14 қарашада босап шығуы тиіс болған Ағаділге тағы алты күн қосып берген.

"Олеся Кексельдің ісіне" қатысты қарама-қайшы ақпарат тарады

Қазақстанның ішкі істер министрлігінің ғимараты. Көрнекі сурет.

Арнайы прокурорлар қызметінің бұрынғы жетекшісі Оксана Кексельдің ісіне қатысты қарама-қайшы ақпарат тарады. Әуелі бұрынғы бас прокурор, қазіргі сенат депутаты Қайрат Қожамжаров 21 қарашада Олеся Кексельдің үстінен қозғалған қылмыстық істің тоқтағанын айтты.

"[Кексельдің] өтініші осыдан екі ай бұрын түскен. Сенбі күні оған "қылмыс құрамы" жоқ болғандықтан іс тоқтады деп хабарлаған. Дау болғаннан кейін бәлкім, істі қайта қарастыратын шығар. Мен мұны Кексельдің өзінен естідім. Тергеуші оған хабарласып, қылмыс құрамы жоқ болғандықтан іс тоқтады деп айтқан" деді Қожамжаров журналистерге.

Бірақ сәлден соң Tengrinews сайты ішкі істер министрлігінің бұл ақпаратты растамағанын хабарлады.

"ІІМ Олеся Кексельдің ісі тоқтады деген ақпаратты растамайды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр" деді тергеу департаментінің дерегіне сүйенген ІІМ баспасөз қызметі.

Олеся Кексель мен бас прокуратураның тергеу тобының мүшесі Бауыржан Ғаббасовқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын ең алғаш болып "Время" газеті хабарлаған. Басылымның жазуынша, істің қозғалуына кәсіпкер Набиевтің шағымы түрткі болған. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бұған дейін бас прокуратураға бір азаматтың шағым түсіргенін, онда аталған азаматтардың тергеу амалдарында заңға қайшы әдістерді қолданғаны туралы шағымданғанын айтқан.

Қайрат Қожамжаровтың айтуынша, Кексельге қатысты тексеру жұмыстары бұрынғы энергетика вице-министрі Анатолий Шкарупа ісімен байланысты.

"Кезінде Шкарупаға қатысты қаржы жымқыру фактісі бойынша қарсы куәлік бергенмін. Бірақ біз бұл куәліктердің шұғыл-іздестіру шарасы нәтижесінде дәлелденгенін айта кетуіміз керек. Менің ойымша, бұл қорғау тарабының бір тактикасы" деді ол 21 қарашада.

Олеся Кексель бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің ісі сияқты Қазақстандағы ірі даулы істер бойынша тергеу тобына жетекшілік еткен. Ол мамыр айында арнайы прокурорлар қызметінің жетекшісі қызметінен босатылған.

Бас прокуратураға келген бір топ адам "заңсыз сот шешіміне" шағымданды

Бас прокуратараға шағымданып келген топ. Нұр-Сұлтан, 21 қараша 2019 жыл.

21 қарашада таңертең Нұр-Сұлтанда бір топ адам бас прокуратураға келіп, "заңсыз сот шешіміне" шағымданды. Олардың әрқайсысы әртүрлі мәселемен келген. Солардың бірі Нұр-Сұлтан тұрғыны Совет Байсұлтанов несие алу үшін кепілге қойылған үйінің "заңсыз сатылып кеткенін" айтып, мүлігін қайтарып беруді талап етіп келгенін айтты.

Бас прокуратураға шағымданып келген адамдар арасында азаматтық белсенді Санавар Закирова да болды. Ол наразылардың бас прокуратура "заңсыздықты" шешпесе, "әділдікке қол жеткізу үшін" БҰҰ-на шағымдануға да даяр екенін айтты.

- Бірінікі - азаматтық іс, бірінікі - әкімішілік іс, бірінікі - қылмыстық іс. Бірі үй, көлік, баласының заңсыз сотталуына байланысты келіп отыр. Бәрі заңсыз сот шешімімен келіспейді. Қазақстанда заңның орындалуын қадағалайтын басты орын бұл прокуратура деп айтады. Бас прокурор әлі күнге дейін ешкімді қабылдаған жоқ. Бүгін бірінші рет қана қабылдап жатыр. Егер бас прокурор қайта қараудан бас тартса, БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне амалмыз жазамыз, - деді Санавар Закирова.

Оның айтуынша, бас прокуратура оларды 8.30-нан бастап қабылдай бастаған. Қанша адам ішке кіріп кеткені белгісіз.

Азаттық тілшісі прокуратураның наразыларды ғимараттың екі жағынан қабылдап жатқанын көрді. Тілшілердің ішке кіруіне рұқсат берген жоқ.

Түскі сағат 12.30 шамасында қабылдауда болған адамдардың алғашқы легі шыға бастады. Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов қабылдауында болған Нұр-Сұлтан тұрғыны Азаттыққа "ол сот шешімінің қайта қаралуына қол ұшын беремін деді, енді күтеміз" деді. Алайда Санавар Закированың айтуынша, қабылдауға жазылған жүзге жуық адамның 16-ына ғана бас прокурормен кездесуге мүмкіндік берген. Ал қалған 80-нен астам адамды бас прорурордың орынбасары немесе өзге қызметкерлерге жазып қойған.

"Мені басқа адамға жазып қойғандықтан мен кіруден бас тарттым, бас прокурордың өзімен кездестіруді талап етемін" деді Санавар Закирова.

Қазақстанда тұрғындар "заңсыз сот шешіміне" жиі шағымданады. "Әділ сотқа қолы жетпеген" кейбір тұрғындар қарсылық ретінде өзін өртеген.

World Justice Project халықаралық ұйымының құқық үстемдігі бойынша әлемдік рейтингісінде Қазақстан 2019 жылы алдыңғы жылмен салыстырғанда бір орынға төмендеп, 65-орын алды. 2010 жылдан бері жылда жарияланып отыратын рейтингіні әзірлеген кезде мемлекеттегі құқықтық ортаны қамтамасыз ететін – билік институттары өкілеттіктерін шектеу, жемқорлықтың жоқтығы, тәртіп және қауіпсіздік, негізгі құқықтардың сақталуы, билік институттарының ашықтығы, заңдардың орындалуы, азаматтық сот, қылмыстық сот көрсеткіштері өлшемге алынады.

Ресейде "Мәскеу ісі" бойынша айыпталған алты адам "саяси тұтқын" атанды

"Мәскеу ісі" бойынша айыпталған белсенді Павел Новиков.

"Мемориал" құқық қорғау орталығы "Мәскеу ісі" бойынша айыпталған алты адам: Андрей Баршай, Владимир Емельянов, Егор Лесных, Максим Мартинцов, Александр Мыльников және Павел Новиковты "саяси тұтқын" деп таныды.

Олардың бәрі қазан айында ұсталған, оларға 27 шілде күнгі наразылық кезінде "билік өкіліне бағынбады" деген айып тағылған. Қазір тергеу изоляторында қамауда отыр.

Олардың саяси себеппен қудаланып отырғанын айтқан "Мемориал" құқық қорғау тобы наразылық кезіндегі видеожазбаға сүйенеді. Құқық қорғаушылардың айтуынша, полиция наразыларға күш қолданған кезде олар бейбіт тұрғындарды арашалауға тырысқан. Бірақ күштік құрылым өкілдерінің ешқайсысы жараланбаған. Ал тергеу орындары осы видеоны "олардың кінәсін дәлелдейтін айғақ" деп санайды.

27 шілде күнгі жаппай наразылықтан кейін пайда болған "Мәскеу ісін" құқық қорғаушылар "наразыларды қорқыту үшін" қозғалған "саяси астары бар қылмыстық іс" деп санайды.

Қыркүйек айында "Мемориал" құқық қорғау тобы "Мәскеу ісі" бойынша айыпталған тоғыз адамды "саяси тұтқын" деп таныған. Бұлар: Данил Беглец, Айдар Губайдулин, Егор Жуков, Кирилл Жуков, Евгений Коваленко, Алексей Миняйло, Иван Подкопаев, Самариддин Раджабов және Сергей Фомин. Олардың кейбірі сотталды, кейбірі - тергеліп жатыр. Бұған дейін Алексей Миняйлоға тағылған айып алынып тасталған.

Зеленский "норман төрттігі" саммитінде талқыланатын төрт маңызды мәселені айтты

Украина президенті Владимир Зеленский (ортада).

"Норман төрттігі" саммитінде төрт мемлекет басшысы Украина шығысында атысты тоқтату, тұтқындардың оралуы, Донбастағы сайлау және Ресеймен шекарадағы аймақты бақылауға алу мәселесін талқылайды. Бұл ақпаратты 20 қарашада Украина президенті Владимир Зеленский айтты.

Оның айтуынша, ең маңызды әрі күрделі мәселе - Киевтің бақылауында емес аймақта сайлау өткізу, өйткені оның "көп компоненттері бар".

"Бұл - Украинаның уақытша басып алынған аймағында емес, Украина аймағында жергілікті сайлау өткізу мүмкіндігі. Бұл ең маңызды мәселе" деді ол.

Украинаның шекара қызметінің дерегінше, Ресеймен шекарадағы 409 шақырым жерді Киев бақылап отырған жоқ. Зеленский Донбаста қазіргідей "уақытша" тыныштық емес, нағыз бейбітшілік орнауы қажеттігін айтты.

"Екінші мәселе, бұл - "уақытша" атыстың тоқтауы, "жалған" татуласу. Бұл уақытша нәрсе. Екі-үш күн тынышталады да, сосын атыс қайта басталады, одан кейін бір күрделі жағдай болып, адамдарымыздан айрыламыз. Сондықтан нағыз татуласу, атыстың шын тоқтағаны керек" деді Зеленский.

"Норман төрттігі" саммиті 9 желтоқсанда Парижде өтеді. Соңғы рет мұндай формат бойынша кездесу 2016 жылы қазан айында Берлинде өткен.

Ресей мен Украина арасы 2014 жылы Ресей Қырым түбегін аннексиялап, Украинаның шығысындағы сепаратистерге қолдау көрсеткеннен кейін ушыққан. 2014 жылдың сәуір айынан бері қарулы қақтығыс кезінде 13 мыңнан астам адам көз жұмған.

Өткен аптада Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев Владимир Зеленский мен Владимир Путин арасында Нұр-Сұлтан қаласында келіссөз өткізуді ұсынған болатын. Киев пен Мәскеу бұл ұсынысты қабылдамады.

"Норман төрттігі" саммиті - Украинаның шығысындағы жанжалды реттеу үшін 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Украина, Ресей, Франция және Германия жетекшілері мен сыртқы істер министрлігінің кездесу форматы.

Бас прокуратура "Зорлау" қылмысы бойынша тараптардың келісімге келуіне тыйым салмақ

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов.

20 қарашада бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов Қазақстанда "зорлау" қылмысы бойынша тараптардың келісімге келуіне тыйым салынатынын айтты. Оның айтуынша, "Қылмыстық және қылмыстық процестік заңнамаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында зорлау қылмысына жазаны күшейту қарастырылған, бала зорлағандарды 20 жылға немесе өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

"Зорлау қылмысы ауырлығы орташа қылмыстан ауыр қылмыс санатына көшеді. Яғни, бұл жерде татуласуға болмайды. Ал балаларға қарсы жасалған осындай қылмыс үшін жаза тіпті қатал болмақ. Бұл аса ауыр қылмыстар санатына жатады. 14 жасқа толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыс үшін 20 жылға бас бостандығынан айыру немесе өмір бойғы бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылып отыр" деді Марат Ахметжанов.

Жақында Таразда болған "оқушыны зорлау" оқиғасының айдалада емес, мектеп ауласындағы дәретханада сабақ уақытында болғанын еске салған депутат Инна Унжакова Қазақстанда 2300 оқушының дәретханасы жоқ мектептерде оқып жатқанын айтты. Ол сәйкесінше осыншама оқушыға сондай қауіп төніп тұрғанын айтып, дәретханаларды мектеп ішінен салу, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

"Қылмыс ауладағы дәретханада болған. Ата-аналардың қысымымен облыстық білім басқармасы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын, сабақ кезінде оқушыны жіберген мұғалімді, вахтерды дереу жұмыстан шығарды. Алайда мұны шенеуніктердің "кінәліні тауып жазалау" деген сияқты әдеттегі әрекеті деп бағалауға болады. Балалардың қорғансыздығы көп жағдайда білім мекемелеріне педофилдерді жолатпауға міндетті қызметкерлердің кәсіби біліксіздігі және немқұрайлығына тіреледі" деді Инна Унжакова.

Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, қараша айының ортасында Тараздағы мектептердің бірінде ауладағы дәретханаға сабақ кезінде сұранып шыққан жетінші сынып оқушысын ер адам зорлаған. Бұл оқиғадан кейін мектептің бірнеше қызметкері жұмыстан шығарылған. Полиция 38 жастағы ер адамның ұсталғанын, оның ұзақ жылға сотталуы мүмкін екенін хабарлады.

Қыркүйек айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев зорлау мен тұрмыстық әлімжеттік жасағандарға жазаны қатайту қажет екенін айтқан. Осыдан соң прокуратура арнайы заң жобасын әзірледі.

Жобада бұған дейін орта дәрежедегі қылмыс саналатын "зорлау" бабы ауыр қылмыстар санатына қосу көзделген. Бірақ кейбір сарапшылар жазаны күшейтумен мәселе шешілмейді деп санайды.

Видео: Зорлау қылмысына жаза қатайту мәселені шеше ме?​ (Қыркүйек, 2019 жыл).

Зорлау қылмысына жаза қатайту мәселені шеше ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:15 0:00

Тағы

XS
SM
MD
LG