Accessibility links

Алматы облысында таудағы өртті сөндіру кезінде үш адам мерт болды


Таулы жердегі өрт. Алматы облысы, 2 тамыз 2019 жыл.
Таулы жердегі өрт. Алматы облысы, 2 тамыз 2019 жыл.

Алматы облысында 5 тамызда таулы жердегі өртті сөндіру кезінде екі жергілікті тұрғын мен мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесінің қызметкері мерт болып, тағы жеті адам зардап шеккен. Бұл туралы ішкі істер министрлігі баспасөз қызметі хабарлады.

Министрлік дерегінше, ол адамдар Панфилов ауданы Талды ауылдық округіндегі өртті сөндіруге қатысқан. Денесі күйіп, біреуінің аяғы сынған жеті адам Жаркент қаласындағы ауруханаға жеткізілді деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Таудағы өртті сөндіруге төтенше жағдай қызметі және полиция өкілдерімен бірге жергілікті тұрғындар мен орман шаруашылығы жұмысшыларынан жасақталған "өртке қарсы еріктілер" тобы да жұмылдырылды делінген ақпаратта.

Министрліктің мәлімдеуінше, "жетуге қиын жердегі" өртті сөндіруге арнайы құралы бар тікұшақ жіберілген, алайда "су алатын қойма болмағандықтан тікұшақты адам тасуға және аспалы өрт сөндіргішке қажетті сумен қамтамасыз етуге" пайдаланған.

Ішкі істер министрлігі таулы аймақта қураған шөп тұтанып, кейін өртке ұласқан болуы мүмкін деп болжайды. Қазір өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG