Accessibility links

Сот "митингіге шақырды" деп қамалған Санавар Закированың арызын қанағаттандырмады


Адвокат Бауыржан Азанов пен белсенді Санавар Закирова аппеляциялық сот алдында. Нұр-Сұлтан, 1 тамыз 2019 жыл.
Адвокат Бауыржан Азанов пен белсенді Санавар Закирова аппеляциялық сот алдында. Нұр-Сұлтан, 1 тамыз 2019 жыл.

6 тамыз күні Нұр-Сұлтан соты белсенді Санавар Закированың оны «митингіге шақырды» деп бес тәулікке қамаған әкімшілік сот шешімімен келіспей түсірген апелляциялық арызын қанағаттандырмады.

Санавар Закированың апелляциясы 1 тамызда басталған. Алғашқы отырыста ол ашық соттан фото-видео таратуға тыйым салған судья Әсет Райымбаевқа сенімсіздік білдіретінін жазбаша мәлімдеген. Осыдан соң сот процесі кейінге қалған еді. 6 тамыздағы сот отырысында Судья Әсет Райымбаев Закированың бұл шағымы негізсіз болғандықтан қанағаттандырылмайтыны туралы сот төрағасының қаулысын жариялады.

Кейін Санавар Закирова мен оның адвокаты бірігіп 18 шағым түсірді. Закирова соттан өзін 10 шілдеде күштеп алып кеткен Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті қызметкері Мақсат Баймағанбетовті, өзі 9 шілде күні президент кеңсесіне арыз өткізуге барғанда қасында болған адамдар мен сол жерде арызданушылармен кездескен бас прокурор орынбасары Берік Асыловты, бас прокуратураның сот шешімдерінің заңдылығын қадағалау қызметінің бастығы Жарқынбек Бақашбаевты, Қазақстан президентінің әкімшілік кеңсесінің орынбасары Әлия Рақышеваны, Жоғары соттың азаматтық істер коллегиясының төрағасы Мейрамбек Таймерденовті, Жоғары соттың қылмыстық істер коллегиясының төрағасы Әбдірашит Жүнісовті және тағы басқа полиция қызметкерлерін шақырып жауаптауды талап етті.

Белсендінің сөзінше, бұл адамдар ол президент әкімшілігіне арыз тапсырғанда қасында болғандықтан оның ешкімді митингке шақырмағанын дәледей алады. Судья бұл өтініштерді ашық қалдырды. Ал прокурор тек Закированы ұстаған кездегі тінту хаттамасын іске қосу туралы өтінішті ғана қанағаттандыруды сұрады.

Түстен кейін жалғасқан сотта Закирова видеоларды сараптама жасатуға жіберуді талап етті. Ол өзінің митингіге шақырмағаны видеода ашық көрініп тұр деп санайды.

Судья Әсет Райымбаев белсендінің барлық өтінішін қанағаттандырмай, әкімшілік соттың шешімін өзгеріссіз қалдырды. Закированың өзі бұл шешіммен келіспейтінін, ары қарай шағымданатынын айтты.

9 шілде күні Закирова бастаған бір топ адам президент әкімшілігінің алдына жиналып, өздеріне немесе туыстарына шыққан сот үкімдеріне наразылық білдірген. Наразылар сот шығарған шешімдермен келіспей, биліктен мәселелерін шешіп беруді сұраған. Олар президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуді, Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановтың отставкаға кетуін талап еткен. 10 шілдеде полиция наразы топтың басында жүрген Закированы ұстап, 5 тәулікке қамаған. Ол сот шешіміне қарсы шығып, түрмеде аштық жариялағаны хабарланған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG