Accessibility links

Өмірбек Бабанов Бішкекке оралды


Өмірбек Бабанов Бішкек әуежайында. 9 тамыз 2019 жыл.

«Республика» партиясының лидері Өмірбек Бабанов 9 тамызда Бішкекке ұшып келді. Бұл туралы "Манас" әуежайында жүрген Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі хабарлады.

8 тамызда "Республика" партиясы мәлімдеме жасап, елдің қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков пен экс-президент Алмазбек Атамбаевты "мәселені бейбіт әрі заң жолымен, келіссөзбен шешуге" шақырған.

Бабанов 2017 жылы президент сайлауына түсіп, Жээнбековтен жеңілген. Кейін ол саяси карьерасының аяқталғанын айтып, елден кеткен. Ол Мәскеуде болған.

8 тамызда Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті Бабанов елге оралған жағдайда жауапқа тартылатынын мәлімдеген. Комитет Бабановқа қатысты "конституциялық құрылымды күшпен өзгертуге шақыру" және "ұлтаралық, нәсілдік және діни араздық қоздыру" бабы бойынша екі қылмыстық іс тергеліп жатқанын да хабарлады.

8 тамызда Қырғызстанның күштік құрылымдары Кой-Ташта жүргізген екінші операциядан кейін елдің бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты ұстады.​

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады.

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуымен байланысты істе куәгер ретінде танылғанын мәлімдеген.

Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG