Accessibility links

Нұр-Сұлтан тұрғыны ішкі істер министрі отставкасын талап етіп, пикетке шықты


Нұр-Сұлтандағы Ермек Бекішев акциясы.
Нұр-Сұлтандағы Ермек Бекішев акциясы.

Бүгін, 9 тамызда Нұр-Сұлтанда ішкі істер министрлігі алдында қала тұрғыны Ермек Бекішев бір адамдық пикет өткізіп, ішкі істер министрі Ержан Тұрғымбаевтың отставкаға кетуін талап етті.

Оның сөзінше, полиция қызметкерлері екі ай бұрын көлігін заңсыз тартып алған және өзіне газ баллон шашып, күш қолданған. Ол бас прокуратураға шағымданғанмен одан нәтиже болмапты.

- Менің құқығым бұзылды, көлігіме заңсыз арест салып, мені тауып отырған нанымнан айырды. 1-топтағы мүгедек болсам да газ баллонын қолданды. Полиция қызметкерлері "жоғары басшылық бұйрығы" дейді. Ал олардың басшысы кім? Министр. Яғни, ішкі істер министрі азаматтардың құқығын бұзатын, шектейтін осындай бұйрық береді. Мен оның отставкасын талап етемін, - деді ол.

Ермек Бекішевтің сөзінше, елде кезектен тыс президент сайлауы өткен соң бірнеше күннен кейін яғни, 12 маусымда машинамен келе жатып жолдың екінші жолағына өту үшін сигнал берген. Оларды полиция тоқтатып "рұқсат етілмеген жерден дабыл бердің, көшеде дабыл бергендерді күштеп ұстау туралы" бұйрық барын айтқан. Көліктен күштеп түсіріп, көздеріне газ баллон шашқанына шағымданады. Көлігін айыппұл тұрағына қойғандықтан өзінің екі айдан бері табыссыз жүргенін айтты.

Министрлік алдына арбамен келіп, "Ішкі істер министрі Тұрғымбаевтың отсавкасын талап етемін" (Требую отставки министра МВД Тургымбаева) деп плакат ұстаған Бекішевке құқық қорғау орган қызметкерлері тиіспеді. Бастапқыда оның әрекетіне назар аударып, бақылаған полиция қызметкері болмады.

Шамамен он минут өткен соң оның қасына министрліктен басқарма бастығы, полковник Бағланбек Айтбаев шығып, "мәселені анықтау үшін ішке кіруді" сұрады. Олар Бекішев ұсынған құжаттармен танысты. Айтбаев көліктің Бекішевтікі екені анықталса, дереу айыппұл тұрағынан шығарып беретінін айтты. Жағдайын айқайлап айтып жатқан Бекішевтің қасына бірнеше полиция өкілі келді. Басқарма бастығының орынбасары Юрий Козловтың сөзінше, істе полиция әрекетіне қатысты қылмыс құрамы болса, ол анықталады. Ішкі істер министрінің қауіпсіздік қызметінің бастығы Ермек Бекішевтен полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеті туралы арыз жазып өткізуді, оған тез арада жауап беретіндерін айтты.

Ермек Бекішев ұсталған 12 маусымда Нұр-Сұлтанда Қазақстан президенті инаугурациясы өтіп жатқан еді. Елде 9 маусымда кезектен тыс президент сайлауы өткеннен кейін және одан кейінгі күндері Қазақстанның көптеген қалаларында сайлауға байланысты наразылық шаралары болды. Полиция адамдарды жаппай ұстады. Кейінірек ішкі істер министрі наразылық кезінде 700-ге жуық адам сот шешімімен әкімшілік қамауға алынып, 305 адамға айыппұл салынғанын, 300 полиция қызметкерінің зардап шеккенін айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG