Accessibility links

"ҚДТ-ға қатысы бар" деп айыпталған тұрғынның сотында тергеуші жауап берді


Айыпталушы Еркін Қазиев (сол жақта) пен адвокаты Гүлнар Жуаспаева сотта отыр. Алматы облысы, 9 тамыз 2019 жыл.

9 тамызда Алматы облысы Қарасай аудандық сотында "экстремистік ұйымның қызметін қолдады" деп айыпталған Еркін Қазиевтің ісін қарап жатыр. Жұмадағы сотқа тергеу ісін жүргізген Алматы облыстық полиция департаменті тергеу бөлімінің аға тергеушісі Жарқын Есжанов куә ретінде шақырылды. Қазиевтің адвокаты Гүлнар Жуаспаева бұған дейінгі отырыста "Есжанов тергеуді дұрыс жүргізбеді, айыпталушыға адвокатын жібермеді" деп айыптаған еді.

Ал сотқа куәгер ретінде қатысқан тергеуші Жарқын Есжанов «күдікті өзінің жеке адвокаты бар екенін ауызша айтқанымен, жазбаша түрде арыз өткізген жоқ. Ал тергеу ісі аяқталған кезде [Қазиев] іспен танысудан өзі бас тартты» деді.

Айыптау актісіне сай,Қазиев 2018 жылы қыркүйекте ҚДТ қозғалысына қатысы бар чаттарға "Батыр" және "АКМ" логинімен тіркеліп, ҚДТ қозғалысының ұстанымдары мен оның басшысы Мұхтар Әблязовтің идеяларын үгіттеп, пікір білдіру жолдарымен қолдау білдірген.

Еркін Қазиев өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

2019 жылдың наурыз айында Қазиев "экстремистік ұйымды қолдады" деп күдікке ілініп, оның үстінен іс қозғалған. Биыл 31 сәуір күні кешкісін ол Қарасай ауданындағы үйінде ұсталып, екі тәулікке қамауға алынған еді. Кейін 2 мамыр күні Қарасай аудандық соты оны үйқамаққа алу туралы шешім шығарған. 53 жастағы Еркін Қазиевтің айтуынша, екі баласы бар және еш жерде жұмыс істемейді.

Соттың келесі отырысы 15 тамыз күні өтеді.

2018 жылы 13 наурызда Қазақстан соты ресми тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысын "экстремистік ұйым" деп тану және тыйым салуды сұраған бас прокуратураның өтінішін қанағаттандырған. Ақорданы сынаушы қуғындағы бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған қозғалыс материалдарын таратуға да тыйым салынды. Әблязов "Қазақстанда демократиялық және конституциялық реформаны" жүзеге асыруды мақсат тұтатын қозғалыс құрылғанын 2017 жылы сәуірде жариялаған еді. Әблязов ҚДТ-ның бейбіт, құқықтық мемлекет құруды көздейтінін айтып, оны "экстремистік ұйым" деп таныған сот шешімімен келіспейді.

Өткен жылдан бері Қазақстанда "ҚДТ-ға қатысы бар" деген күдікпен ондаған адам ұсталып, айып тағылған. Билік кейбірін жауапқа тартып, соттаған. ҚДТ туралы сот шешімінің "экстремистік ұйым" туралы жазылған тұсы бұлыңғыр әрі қайшылық бар деп санайтын заңгерлер жауапқа тартылғандар негізгсіз қудаланды дейді.

Ресми мәлімет бойынша, 9-12 маусым күндері Қазақстанның екі ірі қаласында ҚДТ шақырған рұқсат етілмеген митингілерге қатысқан төрт мыңға жуық адам ұсталған. Жүздеген адам әкімшілік жазаға тартылып, 15 тәулікке дейінгі мерзімге қамалған.

Қазір елде "ҚДТ қозғалысын қолдады" деген айыппен бірнеше адамның үстінен іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG