Accessibility links

Қатерлі ісікке шалдыққан тұтқынды онкология орталығы тағы қабылдамады


Нұрбек Тобабергенов зембілде жатқан тұтқын анасы Гаухар Құдабаеваның бетінен сүйіп тұр. Алматы облысы, 20 маусым 2019 жыл.

ЛА-155/4 әйелдер түрмесінде жазасын өтеп жатқан, қатерлі ісікке шалдыққан Гаухар Худабаевны бүгін, 9 тамызда «орын жоғына» сілтеп, Алматыдағы онкология орталығы емге тағы қабылдаған жоқ. Жауғаштыдағы түрме басшысы подполковник Думан Рахмановтың Азаттыққа айтуынша, күндізгі 15.00 шамасында Худабаевны Іле ауданындағы орталық ауруханадан шығарып, онкология орталығына апарған.

— [Онкология орталығы] демалыс күндері жұмыс істемейді. «Дүйсенбі келіңіздер» деді», — дейді подполковник Думанов.

Іле ауданының орталық ауруханасының қабылдау бөлмесі Худабаеваның шығарылғанын растағанымен, оның анализ қорытындысының қандай болғаны туралы сұраққа жауап беруден бас тартты. Онкология орталығының өкілдері Азаттыққа ісікке шалдыққан сотталушыны қабылдамау себебін түсіндірген жоқ.

Әйелдер түрмесінің басшысы Думанов Худабаеваның қазір колонияға жеткізілгенін хабарлады. «Дүйсенбі күні, 12 тамызда оны қайта онкология орталығына апару жоспарланып отыр» дейді ол. «Худабаеваны орталықтың қабылдарына кепілдік бермейтінін» айтқан ол «қолымнан келгеннің бәрін жасаймын» деді.

Азаттық бұған дейін, 6 тамызда онкология орталығының Худабаеваны «анализдері нашар» болуына байланысты қабылдаудан бас тартқанын жазған. Мұнан соң сырқатқа шалдыққан сотталған әйелді «бүйрегін тазалау үшін» Іле ауданындағы ауруханаға жатқызған.

Гаухар Худабаеваның туыстарының сөзінше, оны химиотерапия көмегімен емдеу сеансы 29 шілдеде басталуы керек еді. «Бірақ содан бері процесс түрлі себеппен шегіріліп келеді» дейді.

Сотталған әйелге қатерлі ісік диагнозы 11 маусымда қойылған. Худабаева алғашқы химиотерапия сеансынан 20-27 маусым күндері Алматыдағы аудандық онкология диспансерінде өтіп, әйелді қайта түрмеге жіберген. Мекеме басшылығы есірткі қылмысын жасады деген айыппен 2016 жылы 15 жылға сотталған Худабаеваның «түрмеге түскенде сырқаты болғанын» айтады.

Оқи отырыңыз: "Ем жоқ. Дертім жанымды жейді". Қамаудағы сырқаттың күні

Қазақстан мен шетел құқық қорғаушылары Қазақстан түрмелеріндегі сотталушылар ахуалын бірнеше рет сынаған. Биыл наурызда АҚШ үкіметі 2018 жыл бойынша әлемдегі адам құқықтары туралы есебін жариялады. Құжаттың 44 беті Қазақстанға арналған. Құжатта Қазақстан түрмелеріндегі адам төзгісіз ахуал сипатталып, қамау орындарындағы денсаулық сақтау жүйесінің халықаралық стандартқа сай еместігі көрсетілген. Есеп бойынша, Қазақстандағы түрмелерде жазасын өтеушілердің денсаулық жайына жеткілікті назар аударылмайды, мамандар мен дәрі-дәрмек жетпейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG