Accessibility links

"Росатом" сынақ алаңында бес адамның өлгенін растады


"Росатом" корпорациясының логосы.
"Росатом" корпорациясының логосы.

Ресейлік "Росатом" мемлекеттік корпорациясы 8 тамызда Архангельск облысындағы әскери полигонның сынақ алаңында бес қызметкердің қаза тапқанын растады. Сұйық реактивті двигатель құрылғысын сынақтан өткізу кезінде жарылыс болған.

"Тағы үш әріптесіміз жараланды" делінген ТАСС агенттігі жариялаған компанияның мәлімдемесінде.

Ресейдің қорғаныс министрлігі оқиға аймақтағы радиация деңгейіне әсер етпеді, ауаға зиянды заттардың таралғаны байқалмады деп мәлімдеді. Алайда полигоннан шамамен 30 шақырым жерде орналасқан көрші Северодвинскі қаласында жарылыстан соң радиация деңгейінің белгілі бір уақыт аралығында "қатты жоғарылағаны" байқалған. Төтенше жағдай министрлігі дерегіне сүйенген Greenpeace-тің хабарлауынша, радиация деңгейі қалыпты мөлшерден 20 есе артық болған.

Жұма, 9 тамызда "Роспотребнадзор" қызметінің Архангельскі облыстық басқармасы оқиғадан соң Северодвинскі полигонындағы топырақ, су, ауа құрамы зерттелгенін хабарлап, радиацияның қалыпты деңгейде екенін айтқан.

Ал Ақ теңіздің белгілі бір бөлігінде кемелер уақытша тоқтаған. Ресми органдар мұның оқиғаға қатысы жоғын айтады.

Батыс дереккөздерінің хабарлауынша, Ақ теңіз жағалауында Архангельскі облысы Нёнокс ауылы маңында 8 тамызда реактивті двигатель жарылған соң сұйық радиоактивті қалдықтарды жинап, сақтайтін "Серебрянка" теплоходы байқалған.

Lenta.ru жазуынша, бұл полигонда мұндай төтенше оқиға алғаш рет болып отырған жоқ. 2015 жылы желтоқсан айында Нёнокс түбінде сынақ кезінде кенеттен қанатты зымыранның бір бөлігі ұшып кетіп, үш қабатты тұрғын үйге түскен. Тұрғын үйдің шатыры мен төрт пәтер бүлінген. Зардап шеккендер болмаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG