Accessibility links

Қырғызстанда қауіпсіздік комитетінің экс-басшысы тергеуге шақырылды


Абдил Сегизбаев.
Абдил Сегизбаев.

Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінің экс-басшысы Абдил Сегизбаев тергеуге шақырылды. Бұл туралы оның туыстары хабарлады. Сегизбаев жақындарының сөзінше, ол 13 тамызда ішкі істер министрлігінің бас тергеу басқармасына келуі керек.

Бұған дейін кейбір БАҚ-та Абдил Сегизбаевтың қамалғаны туралы ақпарат тараған. Басылымдар Сегизбаевтың Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаевты ұстау операциясы кезінде арнайы жасақ пен экс-президент жақтастары арасындағы қақтығысты тергеуге байланысты ұсталғанын жазған. Бірақ Сегизбаев туыстары мұны жоққа шығарып, милицияның тергеуге шақырту ғана бергенін хабарлады.

Сегизбаевтың қай іс бойынша, кім ретінде шақырылғаны әзірге белгісіз.

Абдил Сегизбаев 2010 жылы саясатқа араласа бастады. 2011 жылы сол кездегі президент Алмазбек Атамбаевтың көмекшісі болып істеп, кейін президент аппаратының ақпараттық саясат бөлімін басқарды. Мұнан соң президенттің кеңесшісі, тағы біраз уақыттан соң қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Сегизбаев — 2017 жылы Қырғызстан президенті болып Сооронбай Жээнбеков сайланып, бір айдан соң Жээнбеков пен Атамбаев арасы суығанда қызметінен кеткен алғашқы лауазымды басшылардың бірі.

Атамбаев 8 тамызда жалғасқан операция кезінде өз еркімен билікке берілді. Оған жемқорлық айыбы тағылып, экс-президент 26 тамызға дейін қамауға алынды. Қазір оның ісі тергеліп жатыр.

Соңғы бірнеше күнде Атамбаевтың жақтастары тергеліп, төрт адам қамауға алынған. Бұлар: Атамбаевтың бұрынғы кеңесшісі Фарид Ниязов, ҚСДП өкілдері Алга Кылычев, Кыяз Исмаилов, Амантур Жамгырчиев. Олардың барлығы қазір Бішкек полициясының тергеу изоляторында отыр.

27 маусымда Қырғызстан парламенті Алмазбек Атамбаевты экс-президент және тиіспеушілік мәртебесінен айырған. Кейін ІІМ Атамбаевты тергеуге шақыра бастады. Үш рет шақырту жібергенімен тергеуге бармаған Атамбаевты министрлік арнайы операция жүргізіп, күштеп әкелуді тапсырған.

Қырғызстанның бұрынғы президентіне қызметте жүріп жемқорлыққа жол берді, өкілетін асыра пайдаланды және заңсыз байыды деген сияқты жалпы саны бес айып тағылған. Прокуратура Атамбаев қылмыстық топтар арасында танымал Азиз Батукаевтың заңсыз босатылуымен байланысты істе куәгер ретінде танылғанын мәлімдеген.

Атамбаев бұл айыптардың бәрін жоққа шығарып, өзін тергеуге шақырудың саяси астары бар деп мәлімдеген. Ол Азиз Батукаевты босатуға қатысы жоғын да айтқан. Атамбаев Қырғызстанды 2011-2017 жылдары басқарған. Оның орнына билікке 2017 жылдың соңында сайлау жолымен Сооронбай Жээнбеков келген.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG