Accessibility links

Белсенділер саяси тұтқындарды қолдап, Еуропа елдері елшілігінің алдында акция өткізді


Еуропа елдерінің елшіліктері орналасқан ғимараттың жанына келген белсенділер. Нұр-Сұлтан, 12 тамыз 2019 жыл.
Еуропа елдерінің елшіліктері орналасқан ғимараттың жанына келген белсенділер. Нұр-Сұлтан, 12 тамыз 2019 жыл.

12 тамызда Нұр-Сұлтандағы Еуропа елдері елшіліктері орналасқан ғимарат алдында бір топ белсенді сөз бостандығы мен саяси тұтқындарды босатуды талап етіп акция өткізді. Олар қолдарына "Саяси тұтқындарға бостандық" деген орыс тілінде жазылған плакат пен құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған сотталушылардың суреттерін ұстап тұрды.

Белсенді Майгүл Садықова мен Әлия Ізбасарова талаптарын ағылшын тілінде айтты.

- Бұл адамдар жазықсыз қамауда отыр. Қазақстанға сөз бостандығы керек. Біз олардың түрмеден шығуын талап етеміз,- деді Майгүл Садықова ағылшын тілінде.

Содан соң акцияға қатысушылар суреттегі адамдардың не үшін қамауда отырғаны жайлы айтып, олардың бостандығын талап етті.

Белсенділер қолдарына жемқорлық айыбымен сотталып, түрмеде отырғанына 10 жылдан асқан "Қазатомөнекәсіп" ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевке, 2006 жылы Алматы маңындағы "заңсыз салынған" үйлерді сүрмек болған билікке тұрғындар қарсылық танытқан Шаңырақ оқиғасынан кейін сотталған Арон Атабекке, 2016 жылы Атырауда үкіметтің жер реформасына қарсы өткен шеруден кейін сотталған белсенді Макс Боқаевқа, "терроризмді насихаттау" және "араздық қоздыру" айыбымен сотталған белсенділер Алмат Жұмағұлов пен Кенжебек Әбішевке және өзге де азаматтарға бостандық беруді талап етті.

Бұға қоса акцияға қатысушылар елде тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының (Ақорданы сынаушы, 2009 жылдан бері шетелде тұратын бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов негізін қалаған) жұмысына қатысы бар деген күдікпен істі болып, қазір тергеу абақтысында отырған Алматы тұрғындары - көп балалы ана Оксана Шевчук, жалғызбасты аналар Жәзира Демеуова мен Гүлзипа Жаукерова, Нұр-Сұлтанда қамауда отырған Серік Жахин, Гүлмира Халықова және Ақмарал Керімбаева туралы да айтты.

Сонымен бірге Қытайдың Шыңжаң өлкесіндегі этникалық азшылыққа қысым жасалғаны туралы мәселені көтерген, "Атажұрт еріктілері" тіркелмеген қоғамдық ұйымының жетекшісі, қазір "араздық қоздырған" деген айыппен үстінен қылмыстық іс қозғалып, үйқамақта отырған Серікжан Біләшті "қудалау доғарылсын" деген талап қойды.

Жаңаөзендегі жұмыссыз жастармен бірге жұмыс талап еткен Ержан Елшібаевты да белсенділігі үшін қуадаланды деп санайтындарын айтты.

Нұр-сұлтандық белсенділер саяси тұтқындарға бостандық талап еткен акцияларын 4 тамыздан бері өткізіп келеді. Олар Ақмол ауданыдағы Алжир саяси қуғын-сүргін құрбандары ескерткіші алдына жиналып, құқық қорғаушылар саяси тұтқындар деп атаған түрмеде ұзақ жылдан бері отырған Арон Атабек, Мұхтар Жәкішев, Макс Боқаев пен соңғы бірнеше айда "экстремиcтік ұйымдардың жұмысына қатысты" деген айыппен қамауға алынған Алматы мен Нұр-Сұлтан тұрғындарын босатауды талап еткен еді. Кейін бұл акцияны Біріккен Ұлттар Ұйымның Нұр-Сұлтандағы кеңсесі алдында да өткізді.

Өткен аптада Нұр-Сұлтан мен Қазақстанның өзге қалаларында саяси тұтқындарға қолдау танытушылар бір адамдық акциялар өткізді.

Саяси тұтқындарға бостандық беру талабы жиілеген шақта, 10 тамызда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шымкенттік кәсіподақ белсендісі Ерлан Балтабай және павлодарлық "Версия" газетінің редакторы Ярослав Голышкинге Құрбан айт мейрамы қарсаңында рақымшылық жасалғаны хабарланды.

Ерлан Балтабай "Сеніп тапсырылған мүлікті иемдену" бабы бойынша айыпталып, шілде айының ортасында жеті жылға сотталған еді. Ал "аса ара ірі көлемде ақша бопсалады" деп айыпталған павлодарлық журналист Ярослав Голышкин 2015 жылы мамыр айында қамауға алынған. Голышкин "Павлодар облысының сол кездегі әкімі Қанат Бозымбаевтың ұлы қыз зорлады" деген сыбысқа қатысты журналистік зерттеу жүргізген. Ол"зорланды" делінген қызбен сұхбаттасып, оны видеоға түсірген. Журналиске мәлімет жинауға көмектескендердің бірі кейін Голышкиннің Бозымбаевтан "ақша талап еткенін" хабарлаған. Бопсалауға қатысты қылмыстық іс қозғалып, әуелі журналист бұл істе куәгер ретінде, кейін күдікті ретінде танылған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар жыл сайын саяси тұтқындар тізімін жасап келеді. Бұған дейін халықаралық ұйымдар Қазақстанда мемлекеттік органдар қылмыстық кодекстегі мазмұны бұлыңғыр жазылған "араздық қоздыру" бабын билікке жақпаған азаматтарды қудалау үшін пайдаланады деп мәлімдеген. Бірақ ресми Нұр-Сұлтан елде саяси тұтқындар барын жоққа шығарады.​

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG