Accessibility links

Трамп Си Цзиньпинді Гонконгтегі дағдарысты талқылауға шақырды


Си Цзиньпин (сол жақта) мен Дональд Трамптың Пекиндегі кездесуі. Қытай, 9 қараша 2017 жыл.
Си Цзиньпин (сол жақта) мен Дональд Трамптың Пекиндегі кездесуі. Қытай, 9 қараша 2017 жыл.

14 тамызда кешке АҚШ президенті Дональд Трамп он бір аптадан бері наразылық өтіп жатқан Гонконгтегі дағдарысты шешу үшін Қытай басшысы Си Цзиньпинмен жеке кездесуге әзір екенін айтты.

Бұл туралы Трамп өзінің Twitter парақшасында жазды. "Президент Си Гонконг мәселесін жылдам әрі адамдықпен шешкісі келсе, шеше аларына күмәнім жоқ. Жеке кездесейік пе?" деді АҚШ президенті. Келесі бір жазбасында Трамп "Қытай мен АҚШ арасындағы сауда жанжалы шешілуінің бір алғышарты - Қытай билігінің Гонконгке адамдықпен қарауы" деді.

Трамп мұндай жазбаны Пекин әскерилерін Гонконг шекарасына апарды деген хабар тараған тұста жазып отыр. Қытайдың арнайы әкімшілік ауданының мыңдаған тұрғыны үш айға таяу уақыттан бері күдіктілерді Қытайға беру заңына қарсылық білдіріп, Гонконг атқарушы билігі басшысының отставка кетуін талап етіп жатыр.

Бұған дейін АҚШ мемлекеттік департаменті Қытай полициясының Гонконгке таяп тұрғанына "қатты алаңдап отырғанын" мәлімдеген. 14 тамызда жарияланған спутник суреттерінде Гонконгке кіріге жатқан Шэньчжэнь қаласындағы стадионда топтанып тұрған әскери техника көрінеді. Америкалық шенеуніктер сөзінше, Қытай әскерилерін автономиялық аймақ маңында топтастырып жатқанымен, оның Гонконгке кіргелі жатқанына айқын дәлел болатын белгі жоқ.

Reuters агенттігі қытайлық Global Times мемлекеттік басылымына сілтеп, Қытайдың қаруланған полициясы Шэньчжэнде әскери жаттығу үшін жиналып жатқанын жазды.

Трамп та, АҚШ мемлекеттік департаменті де тараптарды күш қолданудан аулақ болуға шақырған. Департамент сөзінше, "Гонконгке сөз бостандығы мен бейбіт жиындар құқығын сақтауы керек, ал Пекин Гонконгті автономияға тиесілі құқықпен қамтамасыз етуі тиіс".

Гонконгтің мыңдаған тұрғыны Пекин ұсынған "қылмысқа күдіктілерді Қытай, Макао және Тайпейге беру туралы" заң жобасына қарсылық шерулерін өткізіп жатыр. Биліктің пайымдауынша, бұл заң жобасы "Гонконгке қашып, бас сауғалайтын қылмыскерлердің" санын азайтады. Алайда наразылар "бұл заң қабылданса, Пекинді сынаушылар, Қытайдағы қысымнан қашып, Гонконгке келгендер, тіпті туристер зардап шегеді" деп санайды.

Ұлыбритания Гонконгті 1997 жылы Қытайға қайтарып берген. Гонконг – Қытайдың ерекше әкімшілік аймағы болып саналады, бірақ онда "бір ел – екі жүйе" принципі қолданыста. Гонконгтің өз заңы бар, азаматтардың құқығы Қытаймен салыстырғанда жақсы қорғалады. Гонконг "қылмыскерлерді, я күдіктілерді экстрадициялау туралы" 20 елмен келісім жасасқан. Олардың арасында АҚШ, Ұлыбритания бар. Ал Қытай мен Гонконг бұл келісімді 20 жылдан бері талқылап келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG