Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының академияларының ректорларын, Ұлттық музей директорын, мемлекеттік “Астана Опера” театрының жетекшісін тағайындаудан бас тартты. Тоқаевтың жарлығы 17 тамызда Ақорда сайтында жарияланды. Енді бұл мекемелердің басшылары жауапты органдар ұйымдастырған конкурс арқылы тағайындалады.
Бұған дейін академия ректорларын, Ұлттық музей мен “Астана Опера” басшысын елді отыз жыл басқарып, биыл президенттіктен кеткен, батыс елдері авторитор басшысы деп атаған Нұрсұлтан Назарбаев тағайындап келген.
Бұған дейін Тоқаев ұлттық университет ректорларын президент жарлығымен тағайындаудан бас тартып, оларды конкурс бойынша бекітуге бұйрық берген. Осыдан кейін елде әкімдер мен судьяларды сайлау арқылы тағайындау мәселесі қайта көтерілген.
Оқи отырыңыз: Тоқаев судьялар мен әкімдерді тағайындаудан да бас тарта ма?
Қазақстанда президент билік тармақтарының басым бөлігін, әкімдерді және сот жүйесінің төрағаларын, судьяларды тағайындауға тікелей араласады. Мәселен, Қазақстан президенті туралы заңға сай, елдің басшысы мәжілістің келісімімен премьер-министрді тағайындайды. Кейін премьер-министр ұсынысымен үкімет мүшелерін бекітеді. Жоғарғы сот төрағасының кандидатурасын сенатқа ұсынады.
Қазақстан президенті сыртқы істер, ішкі істер, қорғаныс министрін, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын, бас прокурорды; облыс, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент әкімдерін; облыстық, қалалық, аудандық сот судьяларын; Конституциялық кеңес төрағасы мен екі мүшесін; ұлттық банк төрағасын, орталық сайлау комиссиясының мүшелерін тағайындайтын құқыққа ие.
Құқық қорғаушылар мен сарапшылар осыған дейін бірнеше рет судьялар мен әкімдерді президент тағайындайтынына қарсы шыққан. Олар билік тармағының көбі президентке бағынышты екенін, сот жұмысына биліктің көп араласатынын сынайды. Адвокаттар мен құқық қорғаушылар Қазақстан билігінен судьялар мен әкімдерді халықтың дауыс беруі арқылы сайлауды талап етіп келеді. Бірақ билік тарапынан бұл талапқа ешқандай жауап болмаған.
ПІКІРЛЕР