Бүгін, тамыздың 18-інде Мәскеу қалалық думасы сайлауына тіркелмеген тәуелсіз кандидат Илья Яшин абақтыдан шыға бере қайта ұсталды. Бұл оның мұнда үшінші мәрте әкімшілік жазасын өтеп шыққан беті болатын.
Азат Еуропа/Азаттық радиосының "Настоящее время" жобасының хабарлауынша, Яшин бүгінгі ұсталуы жайлы видеоны Twitter желісіндегі өз парақшасына жариялап үлгерген.
На выходе из спецприемника снова задержан брйцами 2-го оперполка pic.twitter.com/zjTo1hHVLx
— Илья Яшин (@IlyaYashin) August 18, 2019
Видеода полиция қызметкері оған "рұқсат етілмеген акцияға шақырғаны үшін" ұсталғанын айтады.
Соңғы бір айдың ішінде Яшин үш мәрте әкімшілік қамауға алынды. Оған Мәскеудегі рұқсат етілмеген жалпыхалықтық акцияға орай түрлі айыптар тағылған. Ол 29 шілдеден бері қамаудан босамай келеді.
Сайлауға тіркелмеген кандидат Илья Яшинннің өзі де кандидаттардың сайлауға жіберілмегеніне наразылық шараларына қатысып, азаматтарды өзіне қосылуға шақырған еді.
Бұдан алдын Яшиннен өзге де Мәскеу қалалық думасы сайлауына тіркелмеген кандидаттар - Константин Янкаускас мен Юлия Галямина тура осындай жағдайда қайтара қамалған болатын.
Мәскеуде 27 шілдеде қалалық дума депутаттығынан үміткер тәуелсіз кандидаттарды қолдап мыңдаған адам қатысқан акция өткен. Содан беріде кандидаттарды қолдау шаралары жалғасып келеді. 27 шілде күнгі наразылық шеруінен кейін тергеу комитеті жаппай тәртіпсіздік туралы қылмыстық іс қозғаған. Ол іс бойынша 13 адам тұтқындалған, бір адам күдікті саналады. Осы күнгі шеруде полиция мен қауіпсіздік күштері жиналған адамдарды аяусыз ұстап, қамаған. Ұсталғандар санының 1300-ден асатыны айтылады. Құқық қорғаушылар Мәскеуде "жаппай тәртіпсіздік" болған жоқ дейді.
Кеше де Мәскеу мен Санкт-Петербургте әділ сайлауды талап етіп, 27 шілдеде билік "жаппай тәртіпсіздік" деп бағалаған іске айыпталғандарды қолдаған жалғыз адамдық наразылық шаралары пен жиындар өткен. Осы шаралар кезінде де бірнеше адамның ұсталғаны хабарланды.
Мәскеу қалалық думасының сайлауы қыркүйек айында өтеді.
ПІКІРЛЕР