Accessibility links

Помпео Кабулдағы терактіні "адамзатқа қарсы шабуыл" деп атады


Террорлық шабуыл жасалған залда тұрған адам. Кабул, 18 тамыз 2019 жыл.
Террорлық шабуыл жасалған залда тұрған адам. Кабул, 18 тамыз 2019 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Ауғанстанның тәуелсіздік алғанына 100 жыл толуымен құттықтау хатында осы атаулы күн қарсаңында, 17 тамызда Кабулда жасалған шабуылды айыптады.

"Демалыс күндері Кабулдағы үйлену тойы өтіп жатқан жерге жасалған террорлық жарылыс - адамзатқа қарсы шабуыл" деп жазылған 18 тамыз, Ауғанстанның тәуелсіздік күні қарсаңында жарияланған хатта.

Ауғанстан халқына жолдауында Помпео соңғы 20 жылда елде "білім, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, әйелдер құқығы, экономикалық мүмкіндіктер мен БАҚ еркіндігі" саласында оң өзгерістер болғанын атап өткен. Ол "бейбіт болашаққа" бет түзеген Ауғанстанның бағытынан таймауға бекініп отырғанын айтқан.

17 тамызда Ауғанстан астанасындағы жүздеген адам жиналған үйлену тойы өтетін залда жарылыс болған. Жыл басынан бергі ең жойқын шабуыл кезінде, ресми мәлімет бойынша, 63 адам қаза тауып, 182 адам жараланған. Бұл қастандықты "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобы өзі ұйымдастырғанын жариялаған. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани шабуылды "жабайылық" деп атаған. Бұл теракт АҚШ билігі мен "Талибан" қозғалысы Ауғанстанда 18 жылға созылған соғысты доғару жайлы бейбіт келісімге қол жеткізуге шақ қалған тұста жасалған.

БҰҰ мәліметі бойынша, биылдың алғашқы жартысында Ауғанстанда шабуылдан қаза болған немесе жараланған адам саны 3800-ге жеткен.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG