Accessibility links

Солтүстік Саяжай тұрғындары жол мен ауызсу мәселесін айтып, Шымкент әкімдігіне келді


Шымкент әкімдігінің алдына жиналған Солтүстік Саяжай тұрғындары. 19 тамыз 2019 жыл.
Шымкент әкімдігінің алдына жиналған Солтүстік Саяжай тұрғындары. 19 тамыз 2019 жыл.

19 тамыз күні Шымкент қалалық әкімдігіне келген Абай ауданы Солтүстік Саяжай шағын ауданының тұрғындары ауыз су, жарық, жол, газ бен қоғамдық көліктің жоғын айтып, шағымданды. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Таңертең Солтүстік саяжайдан келген он шақты адам қала әкімі Ерлан Айтахановтың кездесуге шығуын талап етті. Әкімдік қызметкерлері жиналыс болып жатқанын айтты. Бірақ тұрғындар әкімдік алдынан кетпей тұрып алды.

Шағын ауданның тұрғыны Жолдасбек Жаңбыршының сөзінше, тұрғындар әкімдікке газ, ауызсу, жарық жоғын айтуға келген. Ауданда газ мен жарықты жекеменшік компаниялар тартқан. Тұтыну бағасы екі есе қымбат, тұрғындардың қалтасы көтермейді.

«8 жыл болды. Жанымыз қиналған соң келіп тұрмыз. Сусыз отырмыз. Аптасына бір отбасына 300 литр су тасып береді. Бір екі күннен кейін жылып, құрттап кетеді. Әкімдік әне-міне деп әлі жүр» дейді ол.

Әкімдікке келген тұрғын Мейрамкүл Шалғынбаева балаларды емханаға алып бару қиын екенін, қоғамдық көлікке жеткенше шамамен екі шақырым жол жүретінін айтады.

Жиын біткеннен соң тұрғындардың алдына әкім емес, оның орынбасары Нұрсадық Ергешбек шықты.

«Қазір шағын ауданға су, жарық, газ тарту үшін жоба жасалып жатыр. Жоба бекітілген соң бюджеттен қаражат бөлінеді» деді әкім орынбасары.

Шенеунік тұрғындардың шағымын тыңдауға ертең, 20 тамыз күні Солтүстік саяжайға барамын деп уәде етті. Содан кейін тұрғындар үйлеріне тарады.

Қазақстан билігі ауыл-аймақтар мен елдімекендерді ауызсумен қамтамасыз ету үшін 2011-2020 жылдарға арналып жасалған «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасының орындалуына бюджеттен 1,3 триллион теңге қарастырылған. Бұл бағдарламаның аяқталуына бір жылдан аса уақыт қалса да, елде әлі ауызсу мәселесі шешілмеген елдімекендер бар.

Бұдан бөлек, Қазақстан жыл сайын елдімекендерге жол салу, елдегі жол сапасын жақсарту үшін де қыруар қаржы бөліп жатыр. Мәселен, 2018 жылы қыркүйекте Қазақстан үкіметі жол жөндеуге бюджеттен 77 миллиард теңге (шамамен 200 млн доллар) бөлетінін хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG