Accessibility links

Магистратураға тапсырғанда құжаттары ауысып кеткен талапкерлер министрден көмек сұрады


Магистратураға тапсырғанда құжаттары ауысып кеткен талапкерлер институт ішінде тұр. Шымкент, 20 тамыз 2019 жыл.
Магистратураға тапсырғанда құжаттары ауысып кеткен талапкерлер институт ішінде тұр. Шымкент, 20 тамыз 2019 жыл.

20 тамызда жиырмаға жуық талапкер Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтта келіп, магистратураға тапсырған құжаттарының шатасып кеткеніне шағымданды.

Институтқа келген талапкерлердің сөзінше, олар магистратураға ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша құжат тапсырған. Бірақ Ұлттық тестілеу орталығының базасында талапкерлер профильді бағытқа құжат өткізген деп көрсетілген. Талапкерлер тест нәтижесі көрсетілген сертификатта ғылыми-педагогикалық бағытқа құжат тапсырғандары жазылған.

- Бүгін – мемлекеттік грантқа құжат өткізудің соңғы күні. Ұлттық тестілеу орталығының базасын ашсақ, онда менің бағытым профильді деп көрсетілген. Мен бұл бағытта оқығым келмейді. Неге, не себептен, кім өзгерткенін анықтай алмай отырмыз, - дейді талапкер Әсел Бапанова.

Талапкер Бану Рахым да – ғылыми-педагогикалық бағытты таңдағанымен базаға профильді бағытқа енгендердің бірі. Ол профильді емес, ғылыми-педагогикалық бағытта оқығысы келеді.

Талапкерлердің айтқанын институтта олардың құжаттарын қабылдаған комиссия мүшесі Роза Әбішова да растады. Оның сөзінше, ғылыми-педагогикалық бағытты таңдаған 44 талапкер белгісіз себеппен базаға профильді бағытқа еніп кеткен. Әбішева қазір Ұлттық тестілеу орталығы мәселені шешуге тырысып жатқанын айтады.

Ал Ұлттық тестілеу орталығымен байланысып, мардымды жауап ала алмай отырған талапкерлер бұл мәселеге Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың араласуын талап етті.

Жиналғандар Білім және ғылым министрі мен Ұлттық тестілеу орталығына талаптарын жазды. Хатты министр блогына және министрлікке жіберетіндерін айтты.

Қазақстанда магистратура екі бағытта оқытылады. Ғылыми-педагогикалық бағыт екі жыл оқытылады. Бұл бағытты бітіргенден ғылыммен айналысып, университеттерде оқытушы бола алады. Ал профильдік бағыт бір жыл оқытылады. Бұл бағытты бітіргендер ғылыммен айналыса алмайды, тек білімін кәсіптері мен жұмысына пайдаланады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG