Accessibility links

Жалақысыз жүрген "Shymkent Bus" жұмысшылары наразылық білдірді


Автобус жүргізушілер мен кондукторлар "Shymkent bus" компаниясы алдында тұр. 21 тамыз 2019 жыл.
Автобус жүргізушілер мен кондукторлар "Shymkent bus" компаниясы алдында тұр. 21 тамыз 2019 жыл.

21 тамызда Шымкенттегі "Shymkent Bus" компаниясының алдына жиналған жиырмадан аса автобус жүргізушісі мен кондуктор "екі айдан бері жалақы ала алмай жүрміз" деп наразылық білдірді. Бұл туралы Азаттық тілшісі хабарлады.

Қаладағы №158 және №138 автобустың кейбір жүргізушілері мен кондукторлары айлық жалақысы берілмеген соң жұмысқа шықпай қойған. Олар екі күннен бері компания ғимараты алдында басшылықтан жалақы талап етіп жүр. №138 бағытта қатынайтын автобустың кондукторы Айгүл Сәлімбаева екі жарым айдан бері жалақысын алмағанын айтады.

"Банкте кредитім бар еді. Төлей алмай қалдық, өсім қосылып жатыр. "Жалақымызды беріңіздер" десек "жаңа автобустар алдық, үкіметке қарызбыз" дейді. Сонда біз қайтеміз? Бізге жалақыны кім төлейді?" дейді ол.

Наразылардың айтуынша, соңғы бір аптада компанияда екі рет басшы ауысқан. Наразы топты жаңадан сайланған компания басшысы Елікбай Тоқбергенов сабырға шақыруға тырысты. Ол "жұмысшылардың жалақысы толық беріледі" деп уәде етті.

"Shymkent Bus" әкімшілігінің мәліметінше, компанияда 180-нен аса автобус бар. Компания өкілдері маусымда құрылған компанияның екі жүзге жуық жұмысшының екі айлық жалақысы берілмегенін мойындады.

“Жүргізушілер мен кондукторлардың жетекшілері кім қанша күн жұмысқа шыққанын, кімге қанша жалақы берілетінін есептеп жатыр" деді "Shymkent Bus" компаниясының басшылығы.

"Shymkent Bus" компаниясы 19 маусымда жұмысын бастаған. Компанияны ашқан Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалаға 300 жаңа автобус келгенін хабарлаған.

44 жастағы Әбдірахымов Лондондағы Пикадилли көшесінің бойындағы Ритц қонақүйі маңында түсірілген даулы видеодан соң 30 шілдеде қызметінен кетті. Оның орнына Ерлан Айтаханов тағайындалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG