Accessibility links

Белсенді Омар сотында адвокат судьяға төртінші мәрте сенімсіздік білдірді


Азаматтық белсенді Қайырлы Омар сот залында. Нұр-Сұлтан, 24 шілде 2019 жыл.

21 тамызда Нұр-Сұлтандағы №2 Сарыарқа аудандық сотында "Жер тағдыры" қоғамдық ұйымның лидері Қайырлы Омардың үстінен қозғалған қылмыстық іс ары қарай жалғасты. Түске дейін созылған сот процесі істі қарап жатқан судья Эленора Атшыбаеваны ауыстыруды талап етумен аяқталды. Қайырлы Омардың адвокаты Данияр Ахтанов судья "істі айыптау бағытында бір жақты қарап отыр" деп санайтынын айтып, оны ауыстыруды талап етті.

— Судья Атшыбаева негізсіз залда плакат ұстап отырғандарға "заң бұздың" дейді, бірақ қандай заң екенін түсіндірмеді. Судьяны ауыстырмайынша талап етуімді тоқтатпаймын. Оның кәсібилігіне, әділ шешім қабылдайтынына күмәнмен қараймын. Судья өзінің іске мүдделі екенін ашық және жанама түрде көрсетіп отыр, — деді адвокат.

Бұл — 26 наурыздан бері жалғасып келе жатқан белсенді ісіндегі судья Атшыбаеваға сенімсіздік білдіріп, оны ауыстыруды сұраған төртінші талап. Адвокат арызы қаралғанша залға жиналғандар жарты сағат бойы "Қайырлы Омарға бостандық!", "Прокурор ауыстырылсын!" деп айқайлап тұрды.

Үзілістен соң келген судья Ибрагим Әлкенов адвокат талабы "негізсіз болғандықтан қанағаттандырылмайтынын" айтты. Қолына Омардың суреті мен "Саяси тұтқындарға бостандық!" деген жазу бар плакат ұстап отырған залдағылар судья Әлкеновтің сөзін тыңдамай "Масқара!" деп айқайлай жөнелді. Судья сот шешімін тез оқып, залдан шығып кетті. Сот жалғасы қашан болатыны айылмады.

"Жер тағдыры" қоғамдық бірестігінің лидері Қайырлы Омар 2018 жылдың 5 шілдесінде қамалған. Оған қылмыстық кодекстің 189-бабындағы "сеніп тапсырылған "бөтеннің мүлкін талан-таражға салды" деген айып тағылып отыр.

59 жастағы белсенді Қайырлы Омар қамауға алынғанға дейін "Азат шаңырағы" жеке пәтер иелері кооперативінің төрағасы қызметін атқарған. Омарға қатысты қылмыстық іс ол басқарған кооператив үйлеріндегі пәтерлердің бірін жалдап тұрған Жанар Қозыбақованың полицияға "мен жөндеу жұмысы үшін төлеген 4000 теңгемнің қалай жұмсалғанын білгім келеді" деген арызынан соң қозғалған.

Қайырлы Омар өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Омар бұл айыптың "саяси астары бар" деп санайды. Белсенді 2016-2017 жылдары жерді шетелдіктерге беру мәселесінде билікке наразылық білдірген.

  • 16x9 Image

    Сәния ТОЙКЕН

    Сәния Тойкен Азаттық радиосында 2007 жылдан бері жұмыс істейді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген. Республикалық  "Қазақстан пионері", "Жас Алаш" газеттерінде тілші болған. Қазақстан Республикасы Жекешелендіру жөніндегі комитетінің баспасөз хатшысы қызметін атқарған. Атырау облыстық "Ақ Жайық" газетінде  тілші, қазақ редакциясының редакторы, Маңғыстау облысында шығатын "Не хабар?!" апталығының редакторы болып жұмыс істеген. 

    Сәния Тойкен 2017 жылы журналист әйелдердің халықаралық қоры (IWMF) тағайындаған "Журналистикадағы батылдығы үшін" сыйлығын иеленді. Ол - бұл беделді сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG