Accessibility links

Белсенділер сайлау заңына өзгерту үшін референдум өткізуді ұсынды


Референдум өткізуді ұсынған белсенділер жиыны. Нұр-Сұлтан, 21 тамыз 2019 жыл.
Референдум өткізуді ұсынған белсенділер жиыны. Нұр-Сұлтан, 21 тамыз 2019 жыл.

21 тамызда Нұр-Сұлтандағы баспасөз жиынында белсенділерден құрылған бастамашыл топ сайлау заңына өзгеріс енгізу үшін республикалық референдум өткізу бастамасын көтерді.

Жиналғандар "биыл маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауы әділетсіз" деп санайды. "Сайлаудағы заң бұзушылықтар" оларды осындай бастама көтеруге итермелеген. Баспасөз мәслихаты спикерлерінің бірі кәсіпкер Нұрлан Есқалиев "референдум арқылы сайлау заңы мен саяси партиялар туралы заңға можариторлық жүйені енгізуге болар еді" дейді.

Жиынға келген "парламентаризмді дамыту қорының" жетекшісі Зәуреш Батталова елде тіркелген партиялардың көбі билікпен келісіп жұмыс істейді деп сынады.

Ол партия құру үшін 40 мың мүшесі болуы керек деген қазіргі заңдағы талапты 10 мыңға дейін, ал мәжіліске өтудің межесін жеті пайыздан үш пайызға азайту керек деп санайды.

- Қазір тіркеліп жатқан партиялар тәуелсіз болады дегенге сенбеймін. Сондықтан біз депутататтардың 50 пайызын партиялық тізімнен, қалған 50 пайызын можариторлық округтен болуына қол жеткізуіміз керек, - дейді ол.

Конституцияға сәйкес, Қазақстанда парламент мәжілісінің сайлауы 2021 жылы өтуі тиіс. Жиын өткізген белсенділер "билік парламент сайлауын да мерзімінен бұрын өткізіп жібере ме" деп қауіптенеді.

Қазақстандағы заңға сай, референдум өткізуге тек президент рұқсат береді. Президент рұқсатынан кейін ғана оның өту тәртібі бекітіледі.

Қазақстанда биыл 9 маусымда өткен кезектен тыс президент сайлауында елді отыз жыл басқарып, биыл президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев таңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев президент болып сайлаған. Тәуелсіз сарапшылар биылғы сайлауда жүздеген заң бұзылғанын айтып, сотқа шағымданған. Бірақ сот олардың шағымын қанағаттандырмады. Халықаралық ұйымдар Қазақстандағы сайлауларда жиі заң бұзылатынын айтып сынайды. Қазақстан орталық сайлау комиссиясы елдегі сайлауларды әділ әрі барлық стандарттарға сай өтті деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG