Accessibility links

Apple қазақстандық "қауіпсіздік сертификатына" қарсы шара қабылдады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

АҚШ-тың Apple компаниясы өзінің Safari браузерін қазақстандық "қауіпсіздік сертификатынан" қорғайтын шара қабылдағаны туралы мәлімдеді. Компания 21 тамызда таратқан ақпаратта қазақстандық Qaznet Trust Network өнімі сенімді сертификаттар тізімінен алынып тасталғаны айтылған.

Батыс басылымдары компанияның "Apple жеке өмірге қол сұқпау – адамның негізгі құқығы деп санайды... Біз қолданушыларымызды бұл проблемадан қорғау үшін Safari [браузері] сертификатты сенімді деп қабылдамайтын шара қолдандық" деген ресми мәлімдесінен үзінді келтірген.

Сәрсенбі күні Google мен Mozilla компаниялары да өз өнімдері - Chrome және Firefox браузерлерін қазақстандық "қауіпсіздік сертификатынан" қорғауды ұйғарғаны туралы мәлімдеме жасаған. Компаниялардың өкілдері мұндай шара "онлайн қауіпсіздікті қамтамасыз ету" және қолданушылардың жеке деректерін сұқ көзден қорғау мақсатында қабылданды деп түсіндірген.

Батыс баспасөз құралдары жаңа технологиялар саласындағы ірі үш компанияның бір мезгілде ұқсас шешім қабылдауы "өте сирек" құбылыс екенін жазады.

Биыл шілденің ортасынан бастап қазақстандық қолданушылар ұялы байланыс операторларынан "интернетке кіру мәселесі туындамас үшін" QazNet Trust Network деп аталатын арнайы "қауіпсіздік сертификатын" орнатуды ұсынған хабарлама ала бастаған. Қазақстан билігі оны "кибершабуыл мен заңсыз контентке қарсы құрал" деп түсіндірген.

Оқи отырыңыз: Қауіпсіздік сертификаты неге күмән туғызады?

Киберқауіпсіздік бойынша мамандар қазақстандық "қауіпсіздік сертификаты" қолданушының жеке ақпаратын бөтен біреудің бақылап, аңдуына мүмкіндік беретінін айтқан. Құқық қорғаушылар билік оны елдегі интернетке бақылау орнатуға пайдалануы мүмкін деп алаңдаушылық білдірген. Кей белсенділер қарсылық акцияларын өткізген.

7 тамызға қараған түні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасына өз тапсырмасы бойынша ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) "сырттан жасалатын шабуылдан" қорғануға арналған сертификатты "сынақтан өткізгенін" жазған. ҰҚК Qaznet Trust Network сынағы "сәтті өткенін", болашақта кибершабуыл жасалған жағдайда сертификатты қолданатынын хабарлап, кейін сертификатты қолданушы құрылғысынан қала жоюға болатыны туралы нұсқаулық жариялады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG