Accessibility links

HRW Нұр-Сұлтанның Біләшті қамаудан босату шартын сынады


Серікжан Біләш
Серікжан Біләш

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігінен "Атажұрт еріктілері" тіркелмеген ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшті босату шартын сынады.

16 тамызда Алматы соты Біләшті Қылмыстық кодекстің "Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру" бабы бойынша айыпты деп тапқан. Біләш прокурормен процессуалдық келісім жасаған соң сот оны қамаудан босатып, 110 мың теңге (280 доллар) айыппұл салған және жеті жыл қандай да бір қоғамдық ұйымды басқаруға тыйым салған.

21 тамызда HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон мәлімдемесінде "Біләш босап шығарында Қытайға қарсы қандай да бір белсенділікпен айналыспайтынын білді".

"Алматы сотының қатаң шарты Қазақстанның Біләш сияқты белсенділердің құқығын қалай басып-жаншитынын көрсетті" деп жазылған мәлімдемеде.

Уильямсон "Қазақстан халықаралық деңгейдегі белсендіні ісінен, айтарынан бас тартуға итермелеп отыр. Демек, Қазақстан билігі әділдік пен заңның үстемдігін құрметтемейді деген сөз. Бұған қоса, Қазақстан көршісі Қытаймен қарым-қатынасты бұзып алмас үшін адам құқығын құрбандыққа шалды" дейді.

HRW өкілі Біләштің "қамаудан шыққанын жақсы жаңалық" деді, бірақ "қамаудан босату шартына" өкініш білдірді.

"Егер ол Шыңжаңдағы тәрбиелеу лагерьлері туралы айтса, түрмеге қамалады" дейді ол.

Хью Уильямсон Қазақстан билігі Біләшті босату шартын жойып, "Қытаймен қарым-қатынасты ғана емес, адам құқығын құрметтеуге шақырды".

45 жастағы Серікжан Біләш – Шыңжаңда туған, кейін Қазақстанға көшіп келген. Ол Қазақстанда "Атажұрт еріктілері" ұйымын басқарып, Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың қысым көріп жатқанын айтып, осы мәселені жиі көтеріп жүрген. Қазақстан билігі биыл наурызда Біләшті Алматыдағы қонақүйлердің бірінде ұстап, Нұр-Сұлтанға жеткізген еді. Біләш бірнеше ай Нұр-Сұлтанда үйқамақта отырған. Кейін Нұр-Сұлтан соты оның ісін Алматыға қарауға жіберген.

Алматы қаласы Әуезов аудандық соты оның ісін қарап жатқанда жүздеген адам сот сыртында Біләшті босатуды талап еткен. 17 тамызда Біләш прокурормен процессуалдық келісім жасасып, босап шыққан. Ол Азаттыққа берген сұхбатында мұндай қадамға амалсыздан барғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG