Accessibility links

Литва Amazon компаниясын совет символы бар тауарды сатпауға шақырды


Советтік символ - орақ пен балға салынған жеңі шолақ жейде.
Советтік символ - орақ пен балға салынған жеңі шолақ жейде.

Литва америкалық Amazon интернет компаниясын орақ пен балға және өзге де советтік символ салынған тауарларды сатпауға шақырды. Вильнюс мұндай символды тарату советтік режим құрбандарын құрметтемеу болады деп санайды.

Арасында бұрынғы СССР ықпалында болған елдердің өкілдері де бар Еуропарламенттің 27 депутаты ашық хатта бүгінде келмеске кеткен Совет одағымен байланыстырылатын орақ пен балға белгісі бар тауарларды Amazon платформасында сатуды доғаруды талап еткен. Хатта әлгіндей белгі мысалы, жейделерде, костюмдерде, тулар мен кәдейсый ретінде сатылатын тауарларда бары айтылған.

"Біздің планетамызда зомбылық тарап жатыр, сондықтан ешкім де ондай символдарға, тіпті "күлкілі" боп көрінсе де, бей-жай қарамауы тиіс" деп жазған Amazon компаниясын құрған Джефф Безосқа Литваның бұрынғы президенті Витаутас Ландсбергис.

Литваны Совет одағы тарайтын тұста басқарған 86 жастағы Ландсбергис америкалық кәсіпкердің назарын Amazon компаниясы саудаға шығарған заттар арасындағы "әскери қылмыстар жасап, гитлерлік режиммен бірге геноцид жүргізген СССР-дің коммунистік зұлымдық" символдарына аударған.

Литва сыртқы істер министрі Линас Линкявичюс бұрынғы президенттің хатына қолдау білдіріп, Amazon компаниясынан совет символдары бар заттарды саудадан алып тастауды сұрап дипломаттар да өтініш жасағанын айтты деп хабарлайды AFP.

Ландсбергис бұл хатын СССР мен нацистік Германия арасында жасалған "Молотов - Риббентроп" пактісіне қол қойылғанына 80 жыл толар қарсаңында жазды. Аталған пактіге сәйкес, 1939 жылы Совет одағы мен Германия Шығыс және Орталық Еуропаны өзара бөліске салуға келіскен. Осы құжатқа қол қойылғаннан кейін 1940 жылы совет әскері Литва, Латвия мен Эстонияны басып алып, бұл үш елді СССР құрамына кіргізген.

"Молотов - Риббентроп" пактісіне қол қойылғанына 80 жыл. "Настоящее время" видеосы (орысша):

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG