22 тамызда Тараз қаласындағы сот «Қамқор жүрек» қайырымдылық қорының құрушысы, АҚШ азаматы Виктория Шарбонноға Қазақстанда тұруға рұқсат беруден бас тартты.
Сот Жамбыл облысы полиция департаментінің 23 сәуірдегі шешімін өзгерткен жоқ. Департамент көктемде Шарбонноның Қазақстанда тұрақты тұруға берілген рұқсаттың күшін жойған. Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсатты миграциялық полицияның жергілікті органы береді.
Құзырлы органдар «өтініште қате болғандықтан» рұқсат берілмегенін мәлімдеді.
Шарбонно Facebook парақшасында «Өмірімде миллион қате жасаған шығармын. Бірақ біреуді алдау деген ойым болмаған. Бірақ қате расымен болды» деп жазды.
Шарбонно 2020 жылы сәуірде қайта өтініш жазып көрмек. Оған дейін АҚШ азаматтарының Қазақстанда 30 күн визасыз жүру ережесіне сай елде болмақ. Ол постында «басқа жолдарды да қарастыратынын» жазды.
АҚШ азаматтары Виктория Шарбонно мен Элизабет Тарнок 2015 жылы Қазақстанда «Қамқор жүрек» қорын құрған. Қор жетімдерге, жалғызбасты аналарға, мүгедек балаларға, көмекке мұқтаж балаларға көмектеседі.
Мамырдың басында Тараздағы әкімшілік сот Шарбонноны елден шығарып, бес жылға дейін Қазақстанға кіруге тыйым салған. Сот «Шарбонно тұрақты тұруға рұқсат аларда анкетаны қате толдырды» деген. 30 мамырда Қазақстан жоғарғы соты Тараз қаласындағы соттың шешімін жойған. Кейін ол Қазақстанға қайтып келген.
Сот материалдарында Шарбонноға 2014 жылы Қазақстанда тұрақты тұруға бір рет рұқсат берілмегені жазылған.
22 тамызда шыққан Тараз сотының шешіміне Шарбонно бір айдың көлемінде апелляциялық шағым түсіре алады.
ПІКІРЛЕР