Accessibility links

Нұр-сұлтандық үш белсенді "полиция әкеткен гаджеттерін" қайтаруды талап етті


Нұр-Сұлтан полиция департаментінің алдында отырған белсенділер. 24 тамыз 2019 жыл.
Нұр-Сұлтан полиция департаментінің алдында отырған белсенділер. 24 тамыз 2019 жыл.

24 тамызда түнгі 12 шамасында белсенділер Ербол Есхожин, Әлия Жакупова, Назым Серікбекова Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің алдына келіп, "полицейлер телефон, ноутбук, гаджеттерімізді қайтарсын" деген талаппен наразылық білдірді.

Наразылар маусымның басында полиция үйлерін тінтіп, ноутбук, телефон, гаджеттерін экспертиза жүргіземіз деп алып кеткенін, содан бері қайтармағанын айтады. Олар полиция, прокуратураға бірнеше рет арыз жазғанымен, нәтиже болмағанына шағынды. Наразылар департамент алдында полиция гаджеттерін қайтарғанға дейін аштық жариялайтындарын айтты. Қолдарына “Аштық” деген жазуы бар плакаттар ұстап отырды.

Кейін оларға полицейлер шығып, экспертиза аяқталмағанын айтты. Ал прокурор келіп олардың арызын алып кетті. Үш белсенді полиция құралдарын қайтармайынша департамент алдында отыра беретіндерін жеткізді. Оларға нұр-сұлтандық бірнеше белсенді қолдау білдіріп тұрды.

Ербол Есхожин 1 мамырда билікке қарсы митингіге қатысып, ұсталған. Сот оны “рұқсат етілмеген митингіге қатысты” деп айыптап, он күнге қамаған. Кейін маусымның басында полиция оның үйін кеп тінтіп, жеке заттарын әкеткен. Билікке түрлі талап қойып жүрген Әлия Жакупова мен Назым Серікбекованың үйіне де 8 маусымда полиция келген.

9 маусымда Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, биліктегі “Нұр Отан” партиясының кандидаты Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткен. Елді отыз жыл басқарып, наурызда президенттіктен кеткен Нұрсұлтан Назарбаев сайлауға Тоқаевтың кандидатурасын ұсынған. Дауыс беру күні елде билікке қарсы наразылық шарасы өтіп, полиция мыңдаған адамды ұстаған. Ұсталғандардың бір бөлігіне айыппұл салынып, кейбірі 10-15 күнге қамалған. Қазақстан билігі бұл митингіні “заңсыз әрі рұқсат етілмеген шара” деп есептейді. Сайлау нәтижесіне, билік жүйесіне қарсылыққа қарамастан Орталық сайлау комиссиясы 9 маусымдағы сайлау нәтижесін заңды деп тапқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG