Accessibility links

Киевте Украина тәуелсіздігі күніне арналған шаралар өтті


Украинаның қазіргі президенті Владимир Зеленский (оңнан солға қарай) елдің бұрынғы басшылары Леонид Кравчук, Леонид Кучма, Виктор Ющенко және Петр Порошенкомен бірге тұр. Киев, 24 тамыз 2019 жыл.
Украинаның қазіргі президенті Владимир Зеленский (оңнан солға қарай) елдің бұрынғы басшылары Леонид Кравчук, Леонид Кучма, Виктор Ющенко және Петр Порошенкомен бірге тұр. Киев, 24 тамыз 2019 жыл.

24 тамызда Украина тәуелсіздігі күніне арналған шаралар аясында Киевтегі Крещатик алаңында "Ар-намыс шеруі" өтті. Оған әскери техника қатысқан жоқ. Сонымен бірге сенбі күні Донбасстағы соғысқа қатысқан ардагерлер балама "Қорғаушылар маршын" өткізді. Азаттықтың Украин қызметі Киевтегі шаралар туралы тікелей эфирде хабар таратты:

24 тамызда таңертең Тәуелсіздік күніне байланысты ресми шаралар Киевтегі Еуромайдан құрбандарына орнатылған ескерткіш алдында басталды. Украина президенті Владимир Зеленский және оның отбасымен бірге мерекелік шараға соғыс ардагерлері балалары және қаза тапқан әскерилердің туыстарымен келді. Олар "Қахарман жүздік" ("Небесная сотня" - Киевтегі толқу кезінде қаза тауып, қаһарман атағын алған жүз шақты демонстрант - ред.) аллеясындағы ескерткішке гүл қойғаннан кейін Украина мемлекеттік туын көтеру рәсімі өтті. 2014 жылғы ақпанда билік күштерімен қақтығыстарда қаза тапқан марқұмдарды бір минут үнсіздікпен еске алу рәсімі кезінде жүз рет қоңырау соғылды.

Шарада сөйлеген сөзінде президент Владимир Зеленский Украина тәуелсіздігін жариялағаннан кейін өткен кезеңде болған маңызды тарихи оқиғаларды атап шықты. Ол Украинаны - анаға, ал Қырым мен Донбассты "көрші тартып алған" балаларға теңеді. Президент сөйлеген кезде "басқыншы", "Ресей" деген сөздерді араластырған жоқ деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Тәуелсіздік күніне байланысты рәсімге Украинаның бұрынғы президенттері Леонид Кравчук, Леонид Кучма мен Виктор Ющенко қатысты.

Бұдан соң Тәуелсіздік алаңында (Майдан Незалежності) "Ар-намыс" шеруі өтті. Шеруге қатысушылар Донбасстағы соғыста қаза тапқандардың аты-жөндері мен суреттері жазылған Михайловский Златоверхий монастыріндегі ескерткішке дейін жаяу барды.

Президент Владимир Зеленский биыл Крещатик алаңындағы шараларды әскери техникасыз өткізуді бұйырған. 2014 жылы Украинаның шығысында қарулы жанжал басталғалы бері өткізіліп келген осындай шараларға әскери техника да шығатын.


1991 жылғы 24 тамызда Украина ССР-і жоғарғы кеңесі Украинаның Совет одағынан тәуелсіздігін жариялау туралы актіні қабылдаған. Одан бір жыл бұрын, 1990 жылғы 6 шілдеде Украина мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдаған. Осы құжатты алға тартқан ел азаматтардың бір бөлігі Украинаның тәуелсіздігін жариялағанына биыл 28 емес, 29 жыл толды деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG