Бокстан 8-22 қыркүйекте Екатеринбург қаласында (Ресей) өтетін әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы анықталды. Бұл туралы 26 тамызда Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті хабарлады.Жарыс сегіз салмақ бойынша өтеді. Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев мына боксшыларды әлем чемпионатына апармақ:
- Сәкен Бибосынов (52 кг, әлем чемпионатына алғаш рет қатыспақ),
- Қайрат Ералиев (57 кг, 2017 жылғы әлем чемпионы),
- Закир Сафиуллин (63 кг, 2015 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері),
- Абылайхан Жүсіпов (69 кг, 2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері),
- Тұрсынбай Құлахмет (75 кг, 2019 жылғы Азия чемпионы),
- Бекзат Нұрдәулетов (81 кг, 2016 жылғы жастар арасындағы ӘЧ қола жүлдегері),
- Василий Левит (91 кг, Рио олимпиадасының күміс жүлдегері),
- Камшыбек Қоңқабаев (+91 кг, 2017 жылғы ӘЧ күміс жүлдегері).
Ресейдегі әлем чемпионатында Токио олимпиадасына жолдама таратылуы тиіс еді. Бірақ Халықаралық олимпиада комитеті Бүкіләлемдік әуесқой бокс федерациясына (AIBA) өзбекстандық Гафур Рахимов тағайындалған соң ұйымға санкция салған. Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) AIBA-ға санкция салуына бокстағы төрешілер дауы, қаржы мәселесі, жемқорлық та себеп болған.
Токио олимпидасында бокс жарысын ХОК өзі ұйымдастырмақ. Олимпиадаға іріктеу жарыстары 2020 жылдың басында өтеді.
Қыркүйектегі әлем чемпионатына 90-ға жуық елден 480-нен астам боксшы қатысады. 2017 жылы Гамбургте (Германия) өткен әлем чемпионатында Қазақстан 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль алған.
ПІКІРЛЕР