Accessibility links

Алматы облысында белсенді Арзамасоваға белгісіз біреулер оқ атты


Полиция көліктері. Көрнекі сурет.

Алматы облысы Талғар қаласында 26 тамызда белгісіз біреулер азаматтық белсенді Галина Арзамасоваға оқ атты. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің өзі хабарлады.

«Талғар ауданы әкімдігінің кіреберісінен жиырма метрдей жерде тұрған көліктен пневматикалық тапаншамен атқан сияқты. Оқ жамбас сүйегіме тиді» дейді белсенді. Арзамасованың сөзінше, оқиға орнына келген дәрігерлер белсендіге дәрі егіп, ауруханаға апаруды ұсынған. «Полиция тыңдады да, кетіп қалды. Ештеңе жазып алған жоқ» деген Арзамасова «бөлімшеге өзі барып, шағым түсірмек». Белсенді әкімдіктен сол маңдағы камералар жазбасын да сұрамақ.

Ішкі саясат бөлімі басқармасының өкілі Толқын Сәметованың Азаттыққа айтуынша, Арзамасоваға әкімшілік алдындағы алаңқайда оқ атқан. Сәтемова «әкімдік камералар жазбасын қарап жатыр» дейді. «Полиция қазір оқиғаны тексеріп жатыр» деген Сәметова Арзамасованың жедел жәрдемнің алғашқы көмегінен соң «үйіне қайтып кеткенін» айтады.

Белсенді оқ өзін әкіммен кездесуге жібермеу үшін атылған болуы мүмкін деп топшылайды.

Талғар ауданы Панфилов ауылдық округі Қарабұлақ ауылының тұрғыны Галина Арзамасова – мемлекеттік органдардың ашықтығын талап етіп жүрген белсенді. Орманды жерлерді азаматтар рұқсатынсыз сатылымға қоюға қарсылық білдіріп танылған. Белсенді соңғы жылдары өзіне қысым күшейгенін айтып келеді. Арзамасованың сөзінше, 2017 жылы өзіне белгісіз біреулер екі рет күш көрсеткен. «Үйіме ұрылар да түсті. Баспанамды әлдекімдер өртеп жібермек болды» дейді ол.


Қазақстанда әлеуметтік-саяси мәселелерді көтеріп жүретін азаматтық және кәсіподақ белсенділері қоқан-лоқы мен қудалауға жиі ұшырайды.

Биыл мамырда «жиырма жылдан бері қоғамдық жұмыспен айналысып, тұрғындар мәселесін көтеріп жүрген» қарағандылық белсенді Ғалы Бақтыбаевты белгісіз біреулер атып кетті. Туыстарының сөзінше, қазасына дейін белсендіге бірнеше рет қастандық жасалған. Үш айдан соң, тамызда Қазақстанның ішкі істер министрлігі «Бақтыбаевты өлтірген төрт күдіктінің ұсталғанын» хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG