Accessibility links

Макрон қыркүйекте "норман төрттігі" кездесуі өтетінін айтты


Франция президенті Эммануэль Макрон (сол жақта) және Ресей президенті Владимир Путин Бергансондағы кездесу кезінде. Франция, 19 тамыз 2019 жыл.

Франция президенті Эммануэль Макрон Украинаның шығысындағы жанжалды доғару мақсатымен биыл қыркүйек айында Германия, Франция, Ресей және Украина басшыларының қатысуымен "норман төрттігі" форматында келіссөз өтетінін хабарлады. Ол бұл туралы 26 тамызда Франциядағы Биарриц қаласында "Үлкен жетілік" саммиті аяқталған соң айтты.

"Біз пайдалы саммит өткізуге жағдай бар деп ойлаймыз" деді Макрон. Ол "норман төрттігі" кездесуі нақты қай күні өтетінін айтпады.

Ресей 2014 жылы Қырымды аннексиялап алғаннан кейін Украинаның шығыс аймағында үкімет күштері мен ресейлік сепаратистер арасында басталған қарулы жанжал әлі басылған жоқ.

Биаррицтегі саммит қарсаңында Макрон Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездескен, Ресей президенті Владимир Путинді келіссөздерге шақырған.

"Үлкен жетілік" (G7) құрамында әлемдегі экономикасы дамыған жеті мемлекет - АҚШ, Германия, Жапония, Италия, Канада, Ұлыбритания және Франция бар. Мәскеу Қырымды аннексиялап алғаннан кейін Батыс елдері Ресейдің G8 тобына мүшелігін тоқтатқан.

19 тамызда Франциядағы Бергансон фортында Путинмен кездескеннен кейін Макрон Зеленский билікке келген соң Украинада бейбітшілікті қалпына келтіруге "шынайы мүмкіндік" бар деп айтқан.

Макрон Путинге келіссөздерге қатысуды ұсынып, онымен телефонмен сөйлескен. Мәскеу Украинадағы жанжалдың аяқталуына мүдделі екенін білдірген.

Украинаның шығысында жанжал басталған 2014 жылғы сәуірден бері 13 мыңнан астам адам қазаға ұшыраған. жанжал кесірніен бір жарым миллионға жуық адам тұрғылықты мекен-жайын тастап кетуге мәжбүр болған. Бұл - екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғалы бері Еуропа құрылығындағы ең ірі миграциялық құбылыс.

АҚШ, Еуропа одағы мен өзге елдер Мәскеуді Украинадағы жанжалға араласып отыр деп айыптап, Ресейге қарсы санкциялар енгізген. Мәскеу бұл айыптарды жоққа шығарады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG