Accessibility links

Британ премьері: Еуроодақ құрамынан 31 қазанда шығамыз


Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон.
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Еуропа одағымен ең соңғы мерзім - 31 қазанға дейін келіссөз өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Егер тараптар Брекзит шарты туралы өзара келісе алмаса, Ұлыбритания бәрібір сол күні одақ құрамынан шығады деді ол.

Әзірше Лондон да, Брюссель де Ұлыбританияның Еуроодақ құрамынан шығу шарты туралы екі тарапты да қанағаттандыратын келісімге келген жоқ. Егер келісім жасалмаса, экономикасы жағынан әлемде бесінші орында тұрған Ұлыбританияға одақтан шығудың салдары ауыр тиюі мүмкін деп жазады Reuters. Ондай жағдайда Ұлыбритания тұрғындары өзге елден азық-түлік жеткізу барысында қиындыққа кезігіп, шекарада хаос тууы мүмкін және бұл елдің дамуына тежеу салады деп ескертеді Еуроодақ құрамынан келісім жасамай шығып кетуге қарсылық білдіргендер.

Еуропа одағымен 31 қазанға дейін келіссөз өткізуге дайынсыз ба деген Reuters тілшісінің сауалына премьер Джонсон: "Еуропа одағы ең соңғы сәтте жаңа келісім жасау туралы мәмілеге келеді деп ойлаймын" деп жауап берген.

Британ парламенті Джонсонға дейін ел үкіметін басқарған Тереза Мэйдің ұсынған Брюссельмен келісім жобасын үш рет қабылдамай қойған. Парламент оның ұсынысына үш рет қарсы дауыс бергеннен кейін Мэй отставкаға кеткен. Брекзит мәселесіне байланысты мәселе әлемнің маңызды қаржы орталығы саналатын Лондонның беделіне де қауіп төндіріп отыр деп санайды Reuters.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG