Accessibility links

Мәскеу АҚШ сенаторы Рон Джонсонды Ресейге кіргізбеді


АҚШ сенаторы Рон Джонсон.
АҚШ сенаторы Рон Джонсон.

Мәскеу АҚШ сенаторы, республикалық партия өкілі Рон Джонсонға америкалық делегация құрамында Ресейге келуіне рұқсат етпеді. Бұл туралы ресми сайтында хабарлаған Джонсон Ресей президенті Владимир Путинді сынағаны үшін Мәскеу оған рұқсат бермеуді ұйғарған болар деген пікірде.

АҚШ сенатының ішкі қауіпсіздік мәселелері жөніндегі комитетінің басшысы, Висконсин штатынан сайланған саясаткер Рон Джонсон Мәскеудің 2014 жылы Қырым түбегін аннексиялап алуын "тарихи қасірет" деп атаған. Өзін Ресейге кіргізбей қойғанына қарамастан, Джонсон алдағы кезде де агрессияға батыл түрде тойтарыс беруді және ашық диалогты қолдайтын бағытынан таймайтынын мәлімдеген. Джонсон бұған дейін конгресте Украинаға қарсы басқыншылық саясаты үшін Ресейді жауапкершілікке тартуды көздейтін бірқатар заң жобаларына қолдау білдірген. Сонымен бірге Джонсон Ресейдің Вашингтондағы елшілігі орналасқан көшеге 2015 жылы Мәскеуде қастандықпен атып өлтірілген ресейлік оппозициялық саясаткер Борис Немцовтың есімін беру туралы бастама авторларының бірі.

Сенатордың баспасөз хатшысың хабарлауынша, АҚШ делегациясының Еуропаның бірнеше елі мен Мәскеуге сапары келесі аптаға жоспарланған.

2018 жылы Мәскеуге сапармен барып қайтқаннан кейін Джонсон конгресс Ресейді жазалауды көксеп, тым артық кеткені және Кремльдің АҚШ сайлауына араласуы демократияға төніп тұрған ең үлкен қатер емес деп мәлімдеген. Оның пікірінше, мәселеге бұлайша қарау Ресейдің 2016 жылғы АҚШ сайлауына араласуының нәтижесін ұлғайта бермек. Әйткенмен ол 2020 жылғы сайлауда мұндай жағдай қайталанбас үшін Путинмен қатынасты үнемі сақ болу керек деп мәлімдеген.

АҚШ пен өзге де батыс елдері Ресейді Украинаның егемендігіне қол сұғып, Қырымды заңсыз өзіне қосып алып халықаралық құқықты бұзды, Донбастағы сепаратистерге қолдау көрсетеді деп айыптайды. АҚШ арнайы қызметі Мәскеу 2016 жылғы АҚШ президенті сайлауына араласқан деп санайды.

Мәскеу бұл айыптардың барлығын жоққа шығарады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG