Accessibility links

"Кісі өлтірді" деп айыпталған екі жаңаөзендіктің шешелері ҰҚК-ға келді


Жаңаөзендегі арнайы операция кезінде ұсталған екі күдіктінің шешелері Аманбике Егізбаева мен Зияда Өтебекова ҰҚК алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 29 тамыз 2019 жыл.
Жаңаөзендегі арнайы операция кезінде ұсталған екі күдіктінің шешелері Аманбике Егізбаева мен Зияда Өтебекова ҰҚК алдында тұр. Нұр-Сұлтан, 29 тамыз 2019 жыл.

Жаңаөзендегі арнайы операция кезінде ұсталған екі күдіктінің шешелері 29 тамызда Нұр-Сұлтандағы Ұлттық қауіпсіздік комитеті ғимаратының алдына талаппен келді. Аманбике Егізбаева мен Зияда Өтебекова «Мы не ОПГ!» (Біз – ұйымдасқан қылмыстық топ емеспіз) деген жазуы бар қағаз ұстап алған.

ҰҚК алдына келген әйелдердің айтуынша, «қамауда отырған балаларының есімі - Төлеген Егізбаев және Самат Қойшыбаев. Қазір олардың үстінен Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» (99-бап) бабы бойынша іс қозғалған».

Олар балаларын кінәсіз деп санайды және ҰҚК-дан ұсталғандарды босатуды талап етеді. Жаңаөзеннен Нұр-Сұлтанға келгендер «балаларын біраз уақыттан бері көрмегенін, олардың жағдайын білмейтінін» айтады.

Екі әйел Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовпен кездесуді талап етті. Бірақ сыртқа шыққан ҰҚК өкілі бүгін оларды қабылдайтын ешкім жоқ екенін, ертең ресми демалыс екенін (30 тамыз – Қазақстанда Конституция күні) жеткізді.

31 шілдеде ҰҚК мен Маңғыстау облысы ішкі істер департаменті Жаңаөзенде және Мұнайлы ауданында арнайы операция ұйымдастырып, 17 адамды ұстағандарын хабарлаған. Ұсталғандардың арасында ҰҚК алдына келген екі әйелдің балалары бар. Әйелдердің сөзінше, ҰҚК балаларын «15 ақпанда Жаңаөзенде болған іске қатысы бар» деп ұстаған. Ал Аманбике Егізбаеваның сөзінше, ұлы Төлеген Егізбаев 15 ақпанда басқа іспен айыпталып Атырауда түрмеде отырған. Ал Зияда Өтебекова баласы Самат Қойшыбаев 15 ақпанда Жамбыл облысында болғанын айтады.

Егізбаева мен Өтебекова Жаңаөзеннен арнайы Нұр-Сұлтанға келіп, 28 тамызда Ішкі істер министрлігіне барған. Оларға шыққан ІІМ өкілі Ертас Бейсенғалиев олардан жазбаша арыз алып, оған заң жүзінде жауап беретіндерін айтты.

ҰҚК мен ІІМ өкілдері Егізбаева мен Өтебекованың «15 ақпанда балаларымыз Жаңаөзенде болған жоқ» деген сөзіне қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG