Accessibility links

Сағынтаев "Oyan, Qazaqstan" белсенділерін полиция неге шақырғанын айтпады


Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Oyan, Qazaqstan» азаматтық жастар қозғалысының белсенділерін полицияға «әңгімелесуге» неге шақырғаны туралы Азаттық тілшісінің сұрғына жауап бермеді. Екі ай бұрын әкім қызметіне кіріскен Сағынтаев Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуде журналист сұрағын тыңдағанымен, «уақыт жоқтығы» мен «басқа тағы бір жиынға баруы керегін» айтып, сауалды жауапсыз қалдырды.

28 тамызда қозғалыстың үш белсендісі Алматы қалалық полиция департаментіне шақырту алған. Департамент ғимаратында оларды әкімдіктің қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айбар Есенбеков күтіп отырған. Белсенділер сөзінше, полицияға «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының тағы бірнеше мүшесі шақырту алған. Роман Захаров, Әсем Жәпішева мен Жанель Шаханованың сөзінше, әңгімелесу кезінде полиция қозғалыс өткізгелі жатқан марш туралы сұраған. «Oyan, Qazaqstan» әлеуметтік желідегі парақшаларында Конституция күні, 30 тамызда шеру өткізбегін хабарлаған.

Белсенділер президент өкілетін шектеп, саяси реформа талап еткелі жатқанын айтқан. Олардың сөзінше, мемлекет басшысына Конституцияның «шексіз құзырет» беруі мемлекет дамуын «тежеп» отыр. Олар ешкімді шеруге қосылуға үндемейтінін, уақыты мен нақты орнын көрсетпестен өздері ғана қатысқалы жатқанын мәлімдеген.

Видео: Сағынтаев Азаттық сұрағына жауап бермеді

Алматы әкімдігі қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков «Oyan, Qazaqstan» белсенділеріне «әңгіме» кезінде қандай да бір көпшілік акция өткізбес бұрын биліктен рұқсат алу қажеті жайлы ескерту жасалғанын айтқан.

Бақытжан Сағынтаев бүгін, 29 тамызда өткен басқа бір жиында қалалық мәслихатқа Алматыда митинг өткізуге рұқсат берілетін «Сарыарқа» кинотеатры артындағы алаңнан бөлек тағы бір орынды анықтауды тапсырғанын айтты.

Биыл маусымда құрылған «Oyan, Qazaqstan» қозғалысының белсенділері саяси реформаларды, партия мен қоғамдық бірлестіктер құруға қойылатын талаптарды алып тастау мен сайлау заңына өзгеріс енгізуді талап етеді. Қозғалысты құрғандар ресми тіркеуге өтініш бермейтінін, саяси партиямен серіктес болмайтынын, сондай-ақ ішкі және шетелдік ұйымдардан қаржы алмайтынын мәлімдеген.

Бақытжан Сағынтаев Алматы әкімі болып екі ай бұрын, 28 маусымда тағайындалған. Бұл қызметке келгенге дейін Сағынтаев президент әкімшілігің басшысы болды. Одан бұрын 23 күн мемлекеттік хатшы лауазымын атқарды. 2016 жылдың қыркүйегінен биылғы ақпанға дейін Сағынтаев премьер-министр болды. Көп балалы әйелдер наразылығы күшейіп тұрған шақта Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сағынтаев кабинетін «халықпен жұмыс істей алмағаны үшін» отставкаға жіберген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG